«Қазақ елі» фильмінің режиссері ащы шындықты жайып салды

Dalanews 30 сент. 2016 04:54 1050

«Қазақ елі» фильміне ешбір Ұлттық компания көмектеспеді, ешбір телеарна ұсыныс жасамады, деді фильмнің режиссері Рүстем Әбдірашев Алматыда тұсауы кесілген «Алмас қылыш» (алғашқы атауы — «Қазақ елі»)  фильмінің тұсаукесерінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Компютерлік графикасы, музыкасы реттеліп, 16 желтоқсанда фильмнің соңғы нұсқасы ұсынылады. Қатты сынамаңыздар, әлі жетіспей жатқан тұстары бар. Фильмге барлығы 280 млн теңге жұмсалды. «Базис А» компаниясы мен «Фридом финанс» компаниясына үлкен алғысымызды айтамыз. 50 млн теңгедей қаржы жетіспеушілігі бар әлі де. Биылғы жылы фильм тоқтап тұрған кезде Алматы қаласы әкімінің қолдауымен «Базис А» компаниясы 180 млн теңге қаржылай көмек көрсеткенін айта кеткім келіп отыр. Соның арқасында жетістікке жетіп отырмыз. Ендігі жетіспей отырған қаржыны Мәдениет және спорт министрлі бөледі деген үмітіміз бар. Бүгінгі нұсқа прокатқа арналған. Осы кино версияны толықтырып 16 желтоқсанда ұсынамыз, соңынан 10 серия бірден көрсетіледі. Бірақ, бірде-бір телеарнамен әзірге келісім жасасқан жоқпыз. Біреуі келіп, авторлығына біз ие болайық деген жоқ. Ешбірінен сұраныс түскен жоқ. Ұлттық компаниялардың бірде-біреуінен көмек болмады. Бұл ащы шындық. Қарапайым халық 1 млн теңге жинап берді. Әрине, бұл бір актердің жалақысы ғана. Дегенмен, елдің ықыласын айтып өтпей болмайды. 1000 теңге болса да аударғанын көрдік. Фильм Алматы облысының маңында түсірілді», — деді Рүстем Әбдірашев.

Режиссердің айтуынша, фильмдегі актерлердің киімі, сауыт-саймандары Қытайда жасалған.

«Киімдерді Қазақстанда тіктік, сауыт-сайман, қару-жарақ, ат әбзелдерін Қытайда киноға арнап құрал-сайман әзірлейтін компанияда жасаттық. Болашақта ондай компанияны өзімізде ашқымыз келеді», — деді ол.

Фильм сценариін жазған жазушы Смағұл Елубаев ел күткен фильмнің қағаздағы нұсқасын түсіруге 4-5 ай уақыт кеткенін айтты.

«Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» тарихи романын экрандайық деген Елбасының ұсынысынан кейін Тимур Жақсылықов деген орысша жазатын талантты сценарист екеуіміз 4-5 айдай отырып дайындадық. Сценарийге әрине, өзгерістер енгізілді. Біз жағзан нұсқаның 80 пайызы экрандалды. Сценарий дайын болғаннан кейін режиссер таңдау мәселесі үлкен дау болды. Содан Рүстемнің кандидатурасы өтіп, мынадай іс жасалды», — деді Смағұл Елубай.

20160929202429

Рекомендовать
Последние новости