"Үйге біреулер нөмірі жоқ көлікпен келген" - Шерзаттың туыстары үйдің өртенуі туралы

Көркем Алдабергенова 12 окт. 2024 12:32 6958

Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы Перизат үйдің өртенуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz Ұлысмедиаға сілтеп. 

Марқұмның туған-туыстарының айтуынша, өрт шамамен түнгі 00.30 уақытында болған. Үйде ешкім болмаған. Себебі Шерзат ата-әжесінің қолында өскендіктен, бұл жағдай егде кісілерге қатты ауыр тигендіктен, марқұмның туған-туыстары қара шаңырақта болған. Үйдегі мал аман, тек итті күйік шалған.

Оқиға жайлы Қаржаубай Нұрымовтың қарындасы айтып берді. “Қаржаубайдың өзі бірдеңе дейтіндей жағдайда емес” дейді ол. Ұлының қазасына қабырғасы сөгіліп отырған әкеге бұл оқиға екінші соққы болып, есеңгіреп қалған. Марқұмның туған-туыстары өртті күдіктілер жақтан келген әрекетпен байланыстырады. Оны Перизет айтып берді. “Үйдің өртенуін алдыңғы болған жағдайлармен байланыстырып отырсыз ба?” деген сұраққа “әрине, байланыстырамыз” дейді.

– Соңғы үш күнде Шерзаттың сыныптастары “көшелеріңізде нөмірі жоқ көліктер жүр” деді. Өрт болмай бір күн бұрын көршілер “сіздің үйлеріңізге нөмірі жоқ көлікпен келгендер кіріп шықты, біз шулап, бәріміз жарықты жақтық, айғайлап едік, тоқтамастан қашып кетті” деп хабар берді. Мектеп балаларының бәрі де бір ауылдан болған соң кімнің қандай көлікті айдайтынын білеміз деп отыр. Балалар “ішіндегі адамдар да бейтаныс, амандасайық деп қасына барып едік, терезені жауып алып, тоқтамай өтіп кетті” деді. Соңғы үш күнде “көліктер жүр” дегенді естідік. ІІМ-ге барып, келгеннен бері осылай болып жатыр, – дейді ол.

Перизат Нұрымова ресми органдар өз жұмысын дұрыс атқармады деп есептейтінін жеткізді.

– Қарастырып жатыр. Соның “арқасы”. ІІМ-нің, Талғар, облыс әкімдігінің “қарастырып, күшті жұмыс атқарып жатқандарының арқасы”. Үйден айырылып қалдық. Үйді қойшы, жанымыз аман. Бұған дейін күзет қойылған жоқ. Үйге қоймай-ақ қойсын, жоқ дегенде ауылдың басына қойып берсін. Кімнің кіріп шығып жатқанын білсін. Қарапайым халық болып, жолдан өткен көлікті тоқтатып, “кімсің” деп сұрай берсек, есі дұрыс емес деп ойлайды ғой. Ұсталған адамдардың, сол жақтан шыққан адамдардың бәріне көлік қойып беріп қойыпты. Ауылға кіре берісте көлік қойыпты. Сонда біз жанымыз шығып отырғанда біреудің жанын алуға шамамыз жете ме? Мамамыздың өзі бір құлап, бір есін жиып отыр. Заң өкілдеріне ойлануға болады ғой. Бүгін топырлап бәрі жүр. Жүргеннен не пайда? Бәрі біткен соң! Қалғанымыздың жанымызды алып кеткенін күтеміз бе? Сөйтіп, бір төбе болып, үйіп қояйын деген шығар? Заң өкілдері жұмыс істесе бұлай болмайды! Біздің президент Қасым-Жомарт Кемелұлы заң өкілдері қалай жұмыс істейтінін көрсін! Сол кісінің қол астында басшы болып, жұмысшыларының іс-әрекеті осы! – дейді ол.

Айта кетейік, 12 қазанға қараған түні Талғар трагедиясында қаза тапқан Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Бұл туралы әлеуметтік желіде хабарлана бастады. 

Бұл дерекке Полиция департаменті жауап берді. 12 қазанға қараған түні Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы үйлердің бірінде өрт болды.

Бөтеннің мүлкін қасақана жою дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. 

Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынып жатыр, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп жатыр. 


Рекомендовать
Последние новости