Шерзат Болаттың үйінің өртенуіне байланысты Бас прокуратура мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 12 окт. 2024 10:21 5374

Талғардағы жаппай төбелес кезінде қаза тапқан Шерзат Болаттың үйінің өртенуіне байланысты Бас прокуратура мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, Талғарда жасөспірімді өлтіру ісі бойынша жәбірленушілердің үйін өртеу фактісіне қатысты 2024 жылғы 12 қазанда Бас прокуратураның басшылығымен қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.

Кінәлілерді әшкерелеу үшін барлық шаралар қабылданатын болады. Қылмыстық iс Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бақылауына алынды.

Айта кетейік, 12 қазанға қараған түні Талғар трагедиясында қаза тапқан Шерзат Болаттың үйі өртеніп кетті. Бұл туралы әлеуметтік желіде хабарлана бастады. 

Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Куәгерлердің сөзінше, үй тұтас өртеніп кеткен.

Бұл дерекке Полиция департаменті жауап берді. 12 қазанға қараған түні Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы үйлердің бірінде өрт болды.

Бөтеннің мүлкін қасақана жою дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. 

Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынып жатыр, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп жатыр. 

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. 

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.


Рекомендовать
Последние новости