Qazaq Air вьетнамдық компанияға ақыры сатылатын болды. Мемкомиссия келісімді мақұлдады

Кәмшат Тілеухан 23 дек. 2024 12:55 202

Qazaq Air-дегі үлесті вьетнамдық инвестор Sovico Group-қа сату бойынша мәміле шарттарын анықтау бойынша негізгі келіссөздер аяқталды. Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия 2024 жылғы 20 желтоқсандағы отырыста негізгі шарттарды мақұлдады, деп жазады Dalanews.kz.

Бұл туралы 23 желтоқсанда Үкімет сағатында "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі бірлескен басқарушы директоры Елжас Отыншиев айтты.

"2024 жылдың соңына дейін" Самұрық-Қазына" директорлар кеңесі мен Үкімет тарапынан осы мәмілеге қатысты оң шешім қабылданады деп күтеміз", - деді қор өкілі.

Отыншиев инвесторға екі талап қойылып отырғанын еске салды. Біріншісі 2044 жылдың соңына дейін 38,4 млрд теңге мөлшеріндегі қарызды өтеу, екіншісі - инвестордың осы мерзімді екі жылға ұзарту мүмкіндігін қарастыра отырып, бес жыл ішінде Boeing немесе Airbus-тың 20 ұшағын сатып алуы тиіс.

"Осы талаптарды қамтамасыз ету үшін вьетнамдық Sovico компаниясы кепілдік беруге дайын", деді спикер.

Айта кетсек, Qazaq Air 2023 жылы сатылымға қойылды: 18 тамызда "Самұрық-Қазына" АҚ қорына тиесілі авиакомпанияның 49%-дан 100%-ға дейінгі акцияларын сатуға арналған ашық екі кезеңдік конкурстың басталғаны хабарланды. Акциялардың бастапқы әрі ең төменгі бағасы 10,2 млрд теңге болып белгіленді. Активті бірден сату мүмкін болмады. 2023 жылдың 13 қарашасында жарияланған конкурс өткізілмеді деп танылды. 2024 жылдың қаңтарында "Самұрық-Қазына" қайта конкурс жариялады, алайда екіншісі де сәтсіз болды. Qazaq Air-ды сатып алатын инвестордың табылғаны 2024 жылғы 23 мамырда белгілі болды: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдағы бизнес-форумда сөйлеген сөзінде вьетнамдық Sovico Group әуекомпаниясының ұсынысын қолдап, пікір білдірді. Бірақ бұл келіссөздің жүріп жатқанына бір жылдың жүзі болды...

Бұған дейін бұл ретте Dalanews.kz "Въетнамдағы тұңғыш миллиардер әйел және Қазақстан" деген мақала жазған болатын. Нгуен ханым - SOVICO-мен байланысты вьетнамдық  Vietjet Air лоукостерінің негізін қалаушы.  

 


Рекомендовать
Последние новости