Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей президенті Владимир Путинге жақында жасаған сапарына қатысты өткір мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Elmedia жобасының эфирінде саясаткер бұл кездесу АҚШ-та дайындалып жатқан жаңа қылмыстық іс – "Қазақгейт-2" оқиғасына қатысы болуы мүмкін екенін болжады.
Бапидің айтуынша, АҚШ-тың Әділет министрлігі бұған дейін америкалық компаниялар, сақтандыру ұйымдары және басқа да мекемелердің қызметін пайдаланған әлемдік клептократтарға қатысты деректер жинауда.
"Қолда бар ақпарат бойынша, АҚШ-та "Қазақгейт-2" деп аталатын жанжалдың басталуы ықтимал. Егер клептократтар америкалық субъектілердің қызметін қолданған болса, оларға қарсы қылмыстық істер қозғалуы мүмкін", – деді депутат.
Сондай-ақ, Бапи бұрынғы мемлекет басшылары басқа елдердің заңдарын бұзған жағдайда оларға берілген кепілдіктер оларды қорғауға қауқарсыз екенін атап өтті.
"Менің ойымша, Назарбаевтың Кремльге баруы, Путинмен кездесуі және мемлекеттік құпиялар туралы заңға енгізілген өзгерістер алда болуы мүмкін әлемдік деңгейдегі жанжалмен тікелей байланысты. Біз тек осы "Пандора жәшігінің" қашан ашылатынын күтуіміз керек", – деп қосты депутат.
Сонымен қатар, Ермұрат Бапи Қазақстанның бұрынғы президенттері мен олардың отбасы мүшелерінің денсаулығы мен жеке өмірі туралы мәліметтерді құпияландыруға бағытталған заңнамалық өзгерістерді сынап тастады.
Айта кетейік, Қазақгейт – америкалық кәсіпкер Джеймс Гиффен мен Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты жемқорлық жанжалы.
2003 жылдың сәуірінде америкалық прокурорлар Джеймс Гиффенді Назарбаев пен Қазақстанның экс-премьер-министрі Нұрлан Балғымбаевқа пара беру арқылы Теңіз мұнай кен орнына арналған батыстық компаниялардың келісімшарттарын қамтамасыз етті деп айыптады.
Джеймс Гиффен Парижге ұшпақ болған сәтінде Нью-Йорк әуежайында ұсталды. Кейін оның елден қашпақ болмағаны, бұл тек жоспарланған іскерлік сапар екені анықталды. Оңтүстік Нью-Йорк округінің прокуратурасы оны 1977 жылғы Шетелдік жемқорлыққа қарсы заңды бұзғаны және қаржы жымқырғаны үшін айыптады. Гиффеннің жанында Қазақстанның дипломатиялық паспорты болған, бірақ елде қос азаматтыққа тыйым салынған.
Сонымен қатар, прокуратура Mobil мұнай компаниясының бұрынғы менеджері Брайан Уильямс III-ті Қазақстанда бизнесті жүргізу барысында төленген "откаттарға" байланысты салық төлеуден жалтарды деп айыптады.