Ақтау әуежайында ұшақтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығы ашылады. Ол, негізінен, Қазақстанның, Ресейдің және Орталық Азия елдерінің азаматтық және әскери ұшақтарына қызмет көрсететін болады, деп жазады Dalanews.kz.
Бұл туралы 23 желтоқсанда Мәжіліс отырысында көлік министрі Марат Қарабаев айтты. Министрдің айтуынша, ұшақтарды жөндеу-оқу базасын YDA, Turkish Technic және ASFAT түрік компаниялары салуды жоспарлап отыр.
"Техникалық қызмет көрсету орталығы Қазақстанның, Ресейдің және Орталық Азия елдерінің азаматтық және әскери ұшақтарына қызмет көрсететін болады. Біздің мемлекетіміздің, РФ, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстанның азаматтық авиация саласындағы 411 ұшағын қоса алғанда", — деп атап өтті министр.
Қарабаевтың пікірінше, Ақтау әуежайы - перспективалы мультимодальды авиациялық хаб.
"Оның басты артықшылығы - көліктің барлық түрлеріне қолжетімділігі және Еуропаға жақын болуы, яғни небәрі 3 сағаттық ұшу", — деп еске салды министр.
Жаңғырту нәтижесінде әуежайдың жүк тасымалдау қуаты жылына 200 мың тоннаға дейін ұлғаяды, ал жылдық айналымы 520 миллиард теңгені құрайды, деп сендіреді Қарабаев.
Айта кетсек, 2024 жылдың сәуір айында үкімет басшысы Олжас Бектенов Түркия президенті Режеп Ердоғанмен кездесті. Кездесуге YDA Holding құрылыс компаниялары тобының басқарма төрағасы Хусейн Арсланм да қатысқан болатын. Кездесуде қазақ-түрік бірлескен жобалары талқыланды. Бұған дейін YDA компаниясы Түркістандағы халықаралық әуежайды салған болатын.