Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Семейде жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде ауыр жарақат алған мұғалімге байланысты пікір білдірді. Ол бұл жағдайды “жаңсақтық” деп қарастыруға болмайтынын, мұндай оқиғалар педагогтердің құқығын өрескел бұзатынын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Педагог мәртебесі туралы” заңның 6-бабында мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынған. Жаңа жылдық шырша орнату, көше тазалау, басқа да науқандарға мәжбүрлеп қатыстыру сияқты ескі “дәстүрлерден” біржола бас тартуымыз керек. Бұл – заңды өрескел бұзу”, – деді депутат.
Асхат Аймағамбетов осы жағдайға байланысты нақты шаралар қабылдау қажет екенін алға тартты:
1. Облыс басшылығы бұл оқиғаны мұқият тергеп, жауапты тұлғаларды жазалауы тиіс.
2. Мұғалімдерді кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуды тоқтату үшін министрлік бақылауды күшейтуі қажет.
3. Білім басқармалары мен мектеп әкімшіліктері педагогтардың құқықтарын қатаң сақтау бойынша өз міндеттерін орындауы тиіс.
“Мемлекет басшысы әрдайым мұғалімдердің мәртебесін қорғау мен олардың құқықтарын сақтау мәселесін ерекше назарда ұстап келеді. Біздің міндетіміз – сол талаптарды орындап, заңның жұмыс істеуін қамтамасыз ету”, – деді Аймағамбетов.
Депутат жарақат алған мұғалім министрліктің бақылауында екенін жеткізді.
“Жарақат алған әріптесімізге тезірек сауығып кетуін тілеймін. Министрліктің бұл мәселені бақылауға алғаны – үміт береді”, — деп қосты ол.
Еске салайық, бұл жағдайды Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Facebook-тегі парақшасында мәлім еткен еді.
Министр аталған оқиғаға байланысты облыс басшылығы әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізу керек екенін айтты.
"Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және әріптесіміздің осы іс барысында жарақат алуы — заң бұзушылықтың айқын көрінісі. Педагогтерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту — «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп санаймын. Бұл оқиғаға байланысты облыс басшылығы әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізіп, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің қайталануына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдайды деп үміттенемін", — деп жазды ол.