Қайтарылған активтерді басқару компаниясы 13 миллиард теңгеден астам табыс тапты. Жиналған қаражат есебінен елдің аймақтарында мектептер, балабақшалар және спорт кешендерін салу жоспарлануда, - деп хабарлайды Dalanews.kz Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан билігі бірнеше жылдан бері заңсыз иемденілген немесе алынған қаражатты ел бюджетін қайтарумен белсенді айналысып келеді. Кейбір жағдайларда мемлекет мүлікті қылмыстық іс аясында тәркілейді, ал кейде меншік иелері сотқа дейінгі тексеруден құтылу үшін заңсыз алынған мүлікті өз еркімен «Қайтарылған активтерді басқару компаниясына» (ҚАБК) тапсырады. Inbusiness.kz порталының мәліметінше, қазіргі уақытта компанияға жалпы сомасы 89,9 миллиард теңгені құрайтын 70 нысан берілген.
ҚАБК 2023 жылы құрылғанымен, өзінің іс жүзіндегі жұмысын 2024 жылы бастады. Бүгінде компанияның басқаруында «Думан» қонақ үй кешені, кәсіпорындардың жарғылық капиталына қатысу үлестері («Жаркент су», «Тұлпар»), өндірістік база, асхана, жанармай құю станциялары, жер учаскелері, аяқталмаған құрылыстар және 2,8 миллиард теңге сомасына зергерлік бұйымдар бар.
Сонымен қатар, Қазақстан шетелден жалпы сомасы 29,89 миллиард теңгені құрайтын активтерді қайтарды:
- БАӘ: 2 вилла және 2 автокөлік (17,09 млрд теңге);
- Ресей: 5 пәтер, 5 қойма және 5 автотұрақ орны (4,78 млрд теңге);
- Түркия: 2 үй және 1 пәтер (4,20 млрд теңге);
- Франция: 4 пәтер (3,82 млрд теңге).
2024 жылдың шілдесінен бері компания 12,6 миллиард теңгеге активтерді сатты, оның ішінде 8,2 миллиард теңге Қазақстан аумағында, ал 4,4 миллиард теңге шетелдегі мүліктен түсті. Мысалы, БАӘ-де Aston Martin және Rolls-Royce маркалы көліктері сатылды, ал Түркияда Бодрумдағы екі үй мен Ыстанбұлдағы пәтер өткізілді.
Барлық түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға (АМҚ) бағытталып, әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалуда.
Активтерден қоғамға қандай пайда бар?
Жоғарыда айтылғандай, активтерді сатудан түскен қаражат Арнайы мемлекеттік қорға жіберіледі. Бүгінгі таңда Республикалық бюджеттік комиссия осы қаражат есебінен келесі нысандардың құрылысын мақұлдады:
- Ақмола облысы Зеренді ауылында және Алматы облысы Жаланаш ауылында спорт кешендері;
- Түркістан облысы Темірлан ауылында балалар музыка мектебі;
- Абай облысы Семей қаласында 18 жастан асқан адамдарға арналған психоневрологиялық мекеме;
- Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған 300 орындық балабақша;
- Шымкент қаласындағы Сайрам интернат-колледжіне арналған жатақхана;
- Петропавлда 280 орындық балабақша;
- Ұлытау облысы Манадыр станциясы мен Қаражал қаласында 80 орындық екі қабатты мектептер;
- Жетісу облысы Рудничный ауылында 200 орындық мектеп және 30 орындық шағын орталық;
- Жетісу облысы Көксай ауылында 60 орындық мектеп.