Айгүл Орынбек Ұлттық құрылтайдан шығарылды

Сағыныш Сардарова 20 мая 2025 17:41

Құқық қорғаушы, заңгер Айгүл Орынбек Ұлттық құрылтайдан шығарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Сонымен қатар, Ұлттық құрылтай құрамынан Л.Тараков (қайтыс болуына байланысты), Б.Қаниев, Қ.Бисенов, С.Сәдуақасов, М.Жабағин шығарылған. 

Айгүл Орынбек әлеуметтік желіде жазба жариялады.

"Иә, иығымнан ауыр жүк түсті! Халықтың сенімін арқалап жүру құр сөз емес, бұл - үлкен жауапкершілік. 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Сол кезде мені қоғамда азаматтық ұстанымын ашық айтып жүрген белсенді қайраткер ретінде кеңес құрамына шақырды. Жай отырған жоқпын. Үнсіз қалған жоқпын. Ауыл-аймақтың шынайы мәселелерін ашық айтып, өңірлердегі түйткілді түйіндерді тік көтердім. Бірқатар ұсыныстарым Мемлекет басшысының тарапынан қолдау тапты. Бұл — мен үшін ғана емес, ел үшін жасалған игі іс болды. 2022 жылы Ұлттық кеңестің орнына Ұлттық құрылтай құрылды. Бұл жаңа алаң — халықтың, қоғам белсенділерінің үнін еститін, пікірін тыңдайтын ашық диалог алаңына айналды. Бұл жерде лауазым да жоқ, мансап та жоқ.

Бұл — қоғамдық миссия. Бүгін сен болсаң, ертең өзге азамат келеді — бұл заңдылық. Ротация — тазалық. Жаңару — даму! Қоғам тек бір адамнан тұрмайды. Басқа азаматтарға да мүмкіндік берілуі керек. Бұндай жауапкершілікті жүкті көтеріп жүру оңай еместігін де басқалар сезіну керек.  Мен 20-30 жыл бір орында тапжылмай отыратын тиран емеспін. Уақытымен келіп, уақытымен кетуді білу — бұл парасат! Маған сеніп, Әділетті Қазақстан үшін үміт артқан халықтың сенімін ақтадым деп ойлаймын. Мен ешқашан үнсіз қалған емеспін, қалмаймын да! Қоғам үшін күрес бір кеңесте отырумен шектелмейді. Бұл — өмір бойғы миссия", - деп жазды ол.

Еске салайық, бұған дейін Айгүл Орынбек үлкен компаниялар тендер арқылы отандық өнім деп көрсетіп, бірақ Қытайдың өнімін арзан бағаға алып келіп, эмблемасын ауыстырып, мемлекетті алдап отырғанын мәлімдеді.


Рекомендовать
Последние новости