Қазақстанда мектептерде ақша жинауға заңмен тыйым салу қарастырылып жатыр – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептерде ақша жинау мәселесі заңнамалық деңгейде реттелуі мүмкін екенін мәлімдеді. Министр ата-аналар комитеттерін таратуға болмайтынын да айтты.
"Ата-аналар комитеті ұзақ жыл бойы бар. Тек ақша жинау мен іс-шараларды өткізуден гөрі олардың қызметін түрлендіріп, күш-жігерін тиімдірек және нәтижелі міндеттерге бағыттау қажет", - деді ол.
Ғани Бейсембаев бұл бағытта жұмыстар қазірдің өзінде басталып кеткенін жеткізді.
"Былтырдан бастап әдістемелік нұсқаулар әзірленді. Ата-аналарға қажетсіз іс-шараларды өткізуге уақыт жұмсамай, балаларды көбірек қолдауға көмектесу үшін сынып жетекшілеріне арналған тренингтер өткізіліп жатыр", - деді ол.
Сондай-ақ, министр ақша жинауға тыйым салуға қатысты тиісті бұйрық қабылданғанын, бірақ әлі іске асырылмай жатқанын алға тартты.
"Бұйрық бұрыннан бар. Тек оны орындау керек. Қажет болса, депутаттармен кеңесеміз. Егер мұны заң арқылы реттеу керек болса, онда бұған мектепке дейінгі балалар ұйымдарын лицензиялау сияқты келетін шығармыз. Дегенмен мұндай мәселенің бәрін заңмен реттеу керек пе, жоқ па қарау керек",- деді Бейсембаев.