Әлеуметтік желілерде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (ҚазҰПУ) өткізілген жиын дау туғызды. Бұл жиында бірінші курс студенттеріне қыз бала қоғамда және ер адамдармен өзін қалай ұстау керек екені айтылған. Ғылым және жоғары білім министрлігі жағдайға пікір білдірді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Үкіметте өткен брифингте вице-министр Талғат Ешенқұловтан оқиғадан кейін қандай шаралар қолданылғаны сұралды.
"Университеттің мәліметінше, мұндай тәрбиелік іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Есігі ашық, тілек білдірген студенттер келе алады. Мұндай іс-шаралар тәрбие жұмысы аясында өткізіліп жатыр, яғни бізде тәрбие жұмысының бекітілген тұжырымдамасы бар. Бүгінде университет қорытындылар шығарды, белгілі бір профилактикалық, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл енді қайталанбайды", - деді Ешенқұлов.
Айта кетейік, даулы іс-шараға бірінші курстың студент қыздары қатысқан. Жиын барысында оларға "қыз бала инабатты, ибалы болуы керек", "ашық-шашық киінуге болмайды", "ер адамды көргенде иіліп сәлем беру – әдеп белгісі", "ұзын белдемше – тәрбиенің нышаны" деген мазмұндағы насихат жүргізілген.
Сонымен қатар, әртүрлі жастағы ер адамдардың қыздардың мінез-құлқы жайлы айтқан видеолары көрсетілген.
Бұл оқиға әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Желіде "Неге тек қыздар? Жігіттерге неге ештеңе айтылмайды?", "Әйелдерді емес, ерлерді де тәрбиелеңіздер" деген сыни пікірлер көбейді.