Абай облысындағы Аягөз гарнизонында мерзімді әскери қызметте болған 18 жастағы Саламат Сәбитов қайтыс болды. Қорғаныс министрлігі сарбаздың көз жұмғанын растап, кейінірек түсініктеме беруге уәде етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Марқұмның туыстары Stan.kz порталына мән-жайды баяндады. Олардың айтуынша, Саламат денсаулығына байланысты әскерге жарамсыз деп танылғанымен, ол биыл наурыз айында Солтүстік Қазақстан облысынан шақыртылып, танк бөлімшесіне жіберілген. Олар Сәбитовтың омыртқасында және көру қабілетінде ақауы болғанын, бұл туралы медициналық анықтама да бар екенін мәлімдеді.
“Саламат үш апта ғана әскерде болды. Ант қабылдауға да үлгермеді. Бір апта ауруханада жатты. Жағдайы нашарлағанда ғана ата-анасына хабар берді”, – дейді туыстары.
Алдын ала мәлімет бойынша, өлімнің себебі – менингиттен туындаған мидың іріңді қабынуы. Қазір Саламат Сәбитовтың ата-анасы Аягөзге келген. Сонымен қатар, оны әскерге шақырған Солтүстік Қазақстан облысындағы шақыру комиссиясы ішкі қызметтік тексеріс бастағаны хабарланды.