Болат Назарбаев Алматыдағы ауыр машина жасау зауытын қалай жекешелендіріп алған?

Көркем Алдабергенова 20 мая 2025 17:18

1998 жылдан бері мүлікті бағалау қызметінде еңбек етіп келе жатқан Александр Калинин марқұм Болат Назарбаев жекешелендіріп алған ғимарат қалай мемлекетке қайтарылғанын айтып берді. 

Әңгіме Алматыдағы ауыр машина жасау зауыты жайлы болмақ. Кеңес заманында оны «отандық машина жасаудың флагманы» деп атайтын. 

Бұл зауытты кезінде марқұм Болат Назарбаев түрлі жолдармен иемденіп, жекешелендіріп алған. Жақында бұл зауыт мемлекет меншігіне қайтарылды. Александр Калинин Barys media-ға берген сұхбатында бұл процесс қалай жүзеге асқанын, қандай процестер болғанын айтып берді. 

"Иә, расында да, екі жарым жылдан астам уақыт бойы бұл бірегей, алып кәсіпорынға қатысты сот процесі жүрді. Алматыда орналасқан, өндірістік маңызы бар ең ірі базалық кәсіпорындардың бірі болатын. Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енді. Бұл кәсіпорында үш негізгі меншік иесі болған. Солардың екеуінен меншік құқығы алынып, мүлік Алматы қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне берілді. Егер нақты сандарға жүгінсек, жалпы жер көлемі - 38,4 гектар", - дейді Калинин. 

Барлығы 93 ғимарат болған.

"Соның ішінде шамамен 4 гектар жер әлі де сатып алынбаған, себебі бір объект бойынша сот процесі жүріп жатыр. Сонымен қатар оған жапсарлас 13 кәсіпорын бар. Қалған барлық активтер жекешелендірілді. Сот үкімі күшіне енді. Яғни, олар мемлекет меншігіне қайтарылып, жекешелендіру процесінен өтті. Оларды мемлекеттік балансқа тіркеу үшін бізге жүгінді. Біз міндетті түрде бағалау жүргіздік. Бұл активтер жер телімдері мен сол 82 ғимараттан тұрды. Жалпы бағалау сомасы - 15,5 миллиард теңге. Бұл сол кездегі бағаммен 30,3 миллион доллар шамасында. Ал мемлекетке тікелей өткен үлес 31,9 пайызды құрады. Яғни, мемлекет өз балансына 9,7 миллион доллардың мүлкін қабылдады", - дейді мүлікті бағалаушы.

Александр Калинин Болат Назарбаевтан активті қайтару процесі неге ұзаққа созылғанын түсіндірді. 

"Ең басты себеп - негізгі иесінің марқұм болғаны. Оған кәсіпорынның шамамен 70 пайызы тиесілі болған. Оның туыстары, бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиева және басқа адамдар… Аты-жөндерін атап жатудың қажеті жоқ, аса танымал емес. Сондай-ақ техникалық қызметкерлер, орындаушылар да болған. Прокуратура үлкен жұмыс атқарғанын айтуымыз керек. Кейін бағалау жүргізілген жоқ, бірақ олар барлық құжаттарды мұқият зерттеді. Бағалаумен айналысқанда, барлық құжаттардың толық топтамасын аласыз. Сізге сенімді түрде айта аламын - бұл көп томдар. Менің кеңсемде сондай үлкен папкалар болды. Біз ұлым Артем екеуіміз сол құжаттарды қарап, көп нәрсеге көз жеткіздік", - дейді спикер. 

Калининнің сөзінше, Болат Назарбаев ғимараттарды жекешелендіріп алып, жалға беріп отырған. 

"Бірақ кейін ол жер телімдері бойынша жалға алу құқығымен ғана қолданған. Жердің өзін сатып алмаған. Бұл – мәмілелердің заңсыз екенін дәлелдейтін негізгі себептердің бірі болды. Содан соң заңгерлер басқа келісімшарттарды да қарай бастады, және түрлі сипаттағы көптеген шарттарда елеулі заң бұзушылықтар анықталды. Бірақ өзіңіз білесіз, ол – атақты адам болған. Өмір сүріп жүрген кезінде бұл процесті өзі бақылауда ұстаған. Айта кету керек, прокуратура бұл істе өте жақсы жұмыс атқарды. Сотта олар дәлелдеп берді – бұл жағдай шынымен осылай болғанын", - дейді ол.  

Ал үшінші меншік иесіне олар сақ, абайлап әрекет еткен.

"Жер телімін тіпті сатып алып алған. Сондықтан бұл мәселе әлі де сотта қаралып жатыр. Олар сол аумақты әлі де пайдаланып отыр", - дейді маман. 

Сарапшы ғимараттың нарықтағы құны туралы айтты. 

"Мен әрдайым айтып жүретінмін: маған белгілі бір күнге – яғни жекешелендіру болған күнге – бағалау жүргізу тапсырылатын. Сол күндегі жағдаймен бұл жекешелендіру дұрыс па, әлде дұрыс емес пе – соны салыстырып анықтаймын. Ал бұл жағдайда маған мүлде басқа міндет жүктелді. Жекешелендіру болған күнге бағалау жасаудың қажеті болмады, түрлі себептерге байланысты. Сондықтан менің алдыма қойылған міндет – осы қалған мүліктерді, ең алдымен жер телімдерін, ғимараттарды қазіргі күнге бағалау еді. Бұл мәліметтер кейін жекешелендіру комитетінің балансына енгізілуі керек болды. Біз бағалауды дәл осы күнге жүргіздік. Сол есеп бойынша жалпы құны 15 миллиард теңге немесе 30 миллион доллар шамасында. Оның ішінде жер телімінің үлесі – 88% болды", - дейді сарапшы.

Александр Калининнің сөзінше, ғимараттардың өзі онша құнды емес.


Рекомендовать
Последние новости