Таразда депутат соққыға жығылды: Күдіктінің әйелі жанжалдың мән-жайын баяндады

Қаракөз Амантай 19 мая 2025 17:42

Таразда Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының депутаты Нұрлан Байғазиевке дәмханадағы оқиға кезінде қол көтерді деген күдікке ілінген азаматтың жары бейнеүндеу жариялап, жанжалдың неден басталғанын айтып берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әйелдің айтуынша, жанжалға депутаттың өзі себепкер болған.

"2025 жылдың 13 мамыры, шамамен кешкі 18:00-де күйеуім, 10 жасар қызымыз және 22 күндік сәбимен бірге “Ғибрат” мейрамханасына бардық. Біз отырған үстелдің жанына Нұрлан Байғазиев келіп, сәбиім жатқан орынға жақын тұстағы розеткаға телефонын қуаттауға қойды. Мен сабырмен: «Аға, басқа жаққа қойсаңыз болмай ма? Құлап кетсе, баламның үстіне түсуі мүмкін. Оның үстіне, сәби үшін зиян» дедім. Ол кісі сәл үндемей тұрып: «Қайда қоятынымды өзім білемін. Бұл – қоғамдық орын, тоқ та бәрімізге ортақ. Телефон құламайды, өзім жауап беремін», – деп жауап берді", – деді келіншек.

Осы кезде оның күйеуі де араласып, депутаттан өтініш жасаған.

"Күйеуім де: "Аға, өтініш айтып тұр ғой, басқа жаққа қойсаңыз" деп ескертті. Бірақ Байғазиев: "Сен кімсің? Араласпа. Менің кім екенімді білесің бе?" деп, дөрекі сөйлеп, балағат сөздер айта бастады. Осылайша дау күшейе түсті", – дейді ол.

Оқиғаның шиеленісуіне Байғазиевтің қасындағы ер адам да әсер еткен.

"Депутаттың жанында болған Бауыржан Абдрайымов деген азамат жанжалға араласып, «Кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білесің бе? Ол – депутат, адвокат» деп, керісінше отқа май құйды. Сол сәтте Байғазиев телефонының камерасын қосып, арандату әрекеттерін жалғастырды. Камера қосылған соң балағаттауды тоқтатып, қасақана әрекетке көшті", – деді бейнеүндеуде әйел.

Оның сөзінше, дәмхана әкімшілігі де араласып, депутаттан телефонын алып қуаттап беруді ұсынған. Алайда ол қарсылық білдіріп, “осында қуаттаймын” деп тұрып алған.

"Содан кейін Байғазиев күйеуіме: «Мен сенімен сөйлессем, ұйықтатып тастаймын. Мамалатамын, тізерлетемін» деп арандатуды жалғастырды. Мен дау ұлғайып бара жатқан соң: «Ареке, қоя салыңызшы» десем, ол маған «Қатын, аузыңды жап!» деп дөрекі тіл қатты. Күйеуім мені қорғап, ашуға мініп, Байғазиевке сол қолымен бір соққы жасады", – дейді әйел.

Айта кетейік, 2025 жылдың 13 мамыры күні сағат 18:00 шамасында Тараз қаласында Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының депутаты, заңгер Нұрлан Байғазиевтың ауыр соққыға жығылғаны туралы жазған едік.

Taraznews.kz мәліметінше, оқиға Тараздағы “Ғибрат” атты дәмханада орын алған. Депутат сол жерде клиенттерімен кездесу өткізіп жатқанда, белгісіз біреу оған тұтқиылдан шабуыл жасап, темір затқа ұқсас құралмен бірнеше рет ұрған. Алдын ала мәлімет бойынша, Нұрлан Байғазиев бас сүйегіне зақым алып, миы шайқалған. Қазіргі уақытта ол ауруханада жатыр, дәрігерлер оны шұғыл отаға дайындауда.

Еске салайық, бұл шабуыл Байғазиевтің атышулы оқиғадан кейінгі екі апта ішінде орын алып отыр. 28 сәуірде ол кәмелетке толмаған 17 жастағы қызды тоқтатып, қызметтік көлігіне отырғызбақ болған ювеналды полиция қызметкерлерінің әрекетін видеоға түсіріп алған. Байғазиев олардың заңға қайшы әрекетін әшкерелеген. Бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Артынша қызметтік тексеріс нәтижесінде әлгі полицейлер қызметінен босатылған еді.


Рекомендовать
Последние новости