Бектенов рұқсат болмаса, полиция бастап жүрмесе, спорт шараларына оқушыларды жібермеуді тапсырды

Сағыныш Сардарова 20 мая 2025 17:07

Олжас Бектенов 1 маусымға дейін жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұйымдастыру мәселелерін шешуді тапсырды,– деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға жазғы маусымда балалар демалысының негізгі бағыттары бойынша нақты тапсырмалар берді.

Төтенше жағдайлар министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, су айдындары мен бассейндерде құтқару жабдықтарының болуын тексеріп, қызметкерлерді суда және өрт кезінде балаларды құтқару дағдыларына оқытуды ұйымдастыру міндетін қойды. Ішкі істер министрлігіне қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету үшін әрбір балалар орталығы мен лагеріне, көпшілік іс-шаралар өтетін орындарға учаскелік полиция инспекторларын бекіту тапсырылды.

Балалардың жол апатынан алатын жарақатының профилактикасы мәселесіне ерекше назар аударылды.

"Спортшы оқушылар мінген көліктер жол апатына түсіп, қайғылы жағдайларға әкеп соққаны баршаға аян. Сондықтан тиісті келісім, рұқсаттар болмаса және патрульдік полиция бастап жүрмесе, спортшы балалардың өз елді мекендерінен тыс жерлерге шығуына жол бермеуді тапсырамын", - деді Олжас Бектенов.

Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау министрліктері мен өңір әкімдіктеріне жазғы демалыс кезінде тиісті қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды. Барлық ұйымдастыру мәселесі 1 маусымға дейін шешімін табуы керек.

Сонымен қатар, Олжас Бектенов мүдделі мемлекеттік органдар алдына жазғы маусым алдында су айдындарында, ормандар мен жолдардағы қауіпсіздік және тәртіп ережелері бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу міндетін қойды. 


Рекомендовать
Последние новости