Алматыда жолды жауып, намаз оқыған бірнеше адам жазаланды

Қаракөз Амантай 21 дек. 2024 16:36 4067

Алматы қаласында жолды жауып, намаз оқыған 30-дан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Полиция департаменті жол қозғалысына кедергі келтіру, қандай жағдайда болса да, Қазақстан заңнамасына қайшы әрекет екенін және бұл үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

“Заң талаптарын бұзған 30-дан астам азаматқа Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 614-бабы (“Көлік қозғалысына кедергі жасау”) бойынша шара қолданылды. Полиция департаменті тұрғындарды заңға құрметпен қарауға және мұндай құқық бұзушылықтарға жол берілмейтінін еске салады”, — делінген ведомствоның баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда бір топ адам жолдың адамдар жүретін бөлігінде намаз оқып, көлік қозғалысын тоқтатып, кептеліс тудырған еді.

Осыған байланысты Алматы қалалық полиция департаменті пікір білдірді. Олардың мәліметінше, бұл жағдай Медеу ауданында болған.

"Тәртіп сақшылары оқиға орнына барып, азаматтарға құқық бұзушылықтың жауапкершілікке әкелетінін түсіндірді. Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертті", — деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Алматы қалалық полиция департаменті жағдай бойынша тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.

"Тиісті шаралар қабылданады. Сонымен бірге, Алматы қалалық полиция департаменті "Заң және тәртіп” принципін еске салып, азаматтарды Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтауға шақырады. Кез келген себеппен жолды жабу – жол қозғалысы ережелерін бұзу болып табылады және ӘҚБтК-нің 614-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады", — делінген хабарламада.

Аталған оқиғадан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жолда намаз оқуға тыйым салынатынын мәлімдеген болатын.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі намаз оқу үшін жолды жауып, басқа адамдарға зиян келтірудің жөнсіз әрекет екенін ескертті.

“Намаз оқу үшін жолды жауып, басқа адамдарға зиян келтіруге болмайды. Сол себепті сіздерді намазға ертерек келуге, арнайы белгіленген орындарда отыруға, жолдарды жаппауға, көліктерді рұқсат етілген жерлерге қоюға және тәртіп пен талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз”, – делінген басқарма хабарламасында.


Рекомендовать
Последние новости