Үшінші рет Ресейге қарсы санкцияға іліккен қазақстандық компания әлі жабылмаған

Көркем Алдабергенова 13 янв. 2025 15:04 374

АҚШ, Еуропалық Одақ және Жапонияның санкциялық тізіміне енген қазақстандық Da Group 22 компаниясы әлі күнге дейін таратылған жоқ, деп хабарлайды Dalanews.kz Informburo.kz-ке сілтеп. 

10 қаңтарда Жапония үкіметі Ресейге қарсы санкцияларды кеңейткені белгілі болды. Елдің Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, санкциялық тізімге Астанада тіркелген Da Group 22 ЖШС енген. Экспорттық шектеулер Қытайдың 18, Түркияның 8, Қырғызстанның 2, сондай-ақ Таиланд пен БАӘ-ден бір-бір компанияға енгізілді.

2024 жылдың ақпан айында Da Group 22 компаниясы Ресейге көмектескені үшін АҚШ-тың санкциялық тізіміне, ал сол жылдың маусымында Еуроодақтың 14-ші санкциялық пакеті аясында шектеулерге іліккен болатын.

«Компанияның таратылуы – бұл құрылтайшылардың шешімі. Қазіргі таңда салық органдары тарапынан мәжбүрлі түрде таратуға негіз жоқ. Ерiктi түрде тарату мәселесi бойынша компанияның құрылтайшыларына жүгіну қажет», – деп атап өтті Мемлекеттік кірістер комитеті.

Комитет санкциялар компанияны мәжбүрлеп таратуға негіз болмайтынын нақтылады.

Сауда министрлігі Da Group 22 компаниясы 2024 жылдың мамыр айынан бастап қызметін жүзеге асырмағанын, алайда әлі де әрекет ететін компания ретінде тіркелгенін мәлімдеді.

Statsnet.co сайтының мәліметінше, компания 2022 жылдың наурызында құрылған және электронды, телекоммуникациялық жабдықтардың көтерме саудасымен айналысатын шағын кәсіпорын болып табылады.


Рекомендовать
Последние новости