Ұрланған активтердің 770 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды - Асылов

Сағыныш Сардарова 25 июн. 2025 09:56

Ұрланған активтердің 770 млрд теңгесі бюджетке қайтарылған. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, халық саны өсіп жатқанымен, елдегі қылмыс деңгейі төмендеп келеді.

"Кейінгі жылдары қылмыс деңгейі 2 есеге төмендеді, адам өлтіру мен зорлау 50%, бұзақылық 70%, қарақшылық пен тонау 80%-ға азайды. Қылмыстық индекс бойынша Қазақстан бірнеше жылда әлемдік рейтингте 60 сатыға көтерілді", - деді Асылов.

Сонымен қатар, ұрланған активтерді қайтару бойынша 770 млрд теңге бюджетке қайтарылған.

"Осы қаражаттың есебінен 300-ден аса әлеуметтік нысан – мектептер, ауруханалар, спорт кешендері және шалғай өңірлердегі 2 миллионға жуық адамды таза ауыз сумен қамтамасыз ететін нысандар салынып жатыр. Прокуратура олардың мақсатты жұмсалуын мұқият бақылауда ұстап отыр. Активтерді заңдастыру туралы заң аясында 5,3 трлн теңгеден аса инвестициялар тартылған ірі жобалар бойынша ерікті келісімдер бар", - деді Асылов.

Оған қоса жыл басынан бері іздеудегі 2 500 адам ұсталған.

"Есірткі бизнесімен күресте де жаңа тәсілдер енгізіліп жатыр. Химиялық заттардың айналымына толық бақылау орнатуға бағытталған таргетинг-орталық іске қосылды. 10 млрд теңгеден аса есірткі қаржысы бұғатталды", - деді ол.


Рекомендовать
Последние новости