Қазақстанда қоғам ішінде бейәдеп сөз айтып, адамды қорлағандар үшін жаза күшейтілді. Енді ауызша ғана емес, интернеттегі қорлау да заңмен қаралады. Ал мұндай әрекетті кәмелетке толмаған жасөспірімдер жасаса, жауапкершілік ата-анасына жүктеледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қорлау - қылмыстық теріс қылық
ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабына сәйкес, адамның ар-намысына тіл тигізіп, қорлау - қылмыстық теріс қылық болып саналады. Мұндай әрекет ауызша, жазбаша немесе интернет арқылы жасалса да жауапкершілік көзделген.
Бұзақылық жасағандар үшін мынадай жаза түрлері қарастырылған:
- 100 АЕК-ке дейін айыппұл (2025 жылы – 393 200 теңге);
- түзету жұмыстары;
- немесе 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс.
Қоғамдық жерде боқтау - ұсақ бұзақылық
Егер адам қоғамдық орында бейәдеп сөз айтса, бұл ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес ұсақ бұзақылық болып есептеледі:
- 20 АЕК айыппұл (2025 жылы – 78 640 теңге);
- немесе 5–15 тәулікке дейін әкімшілік қамау;
- жыл ішінде қайта жасалса - 30 тәулікке дейін қамалуы мүмкін.
Кәмелетке толмағандар мен ата-ананың жауапкершілігі
Жасөспірімдердің мұндай әрекеттері үшін жауапкершілік олардың жасына байланысты бөлінеді:
- 14–16 жас аралығында - ата-анасына 7 АЕК (27 524 теңге) айыппұл салынады (ҚР ӘҚБтК 435-бап);
- 16–18 жас аралығындағы жасөспірімнің өзіне жаза белгіленеді. Егер табысы болмаса - айыппұлды ата-анасы төлейді (10 АЕК-ке дейін - 39 320 теңге, ҚР ӘҚБтК 66-бап);
- 12 жасқа дейінгі балалар үшін - ата-анасы тәрбиесі үшін жауап береді. Бұл жағдайда айыппұл 10–15 АЕК (39 320 – 58 980 теңге, ҚР ӘҚБтК 127-бап).
Интернеттегі қорлау мен боқтық - қатаң бақылауда
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі қорлау мен буллинг те ескерусіз қалмайды. Интернет арқылы адамның ар-намысына тіл тигізгендерге 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін (2025 жылы - 786 400 теңге).
Полиция әрбір жағдайды жеке қарайды. Куәгерлердің мәлімдемелері, бейне және аудиожазбалар, сараптама қорытындылары - бәрі дәлел ретінде қабылданады.
Енді көшеде бейәдеп сөз айтқан бір адамның әрекеті бүкіл отбасы үшін айыппұлмен аяқталуы мүмкін. Заңда көрсетілгендей, қоғамдағы әдепсіздікке көз жұму болмайды.