Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездесті. Қос тарап Қазақстан мен ЕҚДБ арасындағы ынтымақтастықтың перспективасын талқылап, әлемдік экономиканың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаржы ұйымымен байланыс орнатқаннан бері еліміз шағын және орта бизнес, энергетика, ауыл шаруашылығы сияқты бірқатар стратегиялық секторда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген.
Мемлекет басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің бірлескен жобаларға, соның ішінде "жасыл экономика" бағдарламаларын жүзеге асыруға инвестиция құю ниетін құптады.
Одиль Рено-Бассо еліміздің инвестициялық әлеуетіне жоғары баға беріп, қаржы институты Қазақстанның инфрақұрылымдық тұрғыдан дамуын одан әрі қолдауға мүдделі екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, жақында ұзындығы 234 шақырым болатын Ақтөбе – Ұлғайсын автожолын жаңғыртуды қаржыландыру туралы шешім қабылданған. Бұл бағыттың ішкі және халықаралық тасымалды дамытуда маңызы зор.
Одиль Рено-Бассо ЕҚДБ мен Қазақстан ынтымақтастығы табысты дамып келе жатқанын айтты.
Ол 2024 жылы инвестиция көлемі 2023 жылмен салыстырғанда екі есе артқанын, соның нәтижесінде 1 миллиард еуроға жуықтағанын атап өтті. Бұдан бөлек, банк басшысы Қазақстанның көлік әлеуетін және энергетика секторын дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін растады.
Айта кетсек,бір күн бұрын Премьер-министр Олжас Бектенов Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-ші пленарлық отырысына қатысу үшін Астанаға келген Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассомен кездесу өткізді. Онда көлік инфрақұрылымын, "жасыл" энергетиканы, ШОБ, ауыл шаруашылығын, ақпараттық технологияларды және басқа да салаларды дамыту жөніндегі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.