Алматы облысында «Қымызмұрындық-2025» фестивалі өтті

Ақтоты Жапатова 24 июн. 2025 11:55

2025 жылғы 21 маусымда Алматы облысы, Кеген ауданының көрікті Қарқара жайлауында дәстүрлі «Қымызмұрындық–2025» фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл мереке қазақ халқының төл сусыны — қымыз өндіру мәдениетін дәріптеуге, ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуға бағытталған тағылымды шараға айналды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Фестивальдің ашылу салтанаты «Кеген» халық театрының театрландырылған көрінісімен басталды. Қымызмұрындық рәсімі аясында құлындар желіге байланып, ауылдың қыз-келіншектері күбіде қымыз пісіп, бір тонна қымыз келген қонақтарға тегін таратылды. Қымыздың түр-түрі ұсынылып, қымыз дайындаудың дәстүрлі технологиясы – піспекті тобылғыға ыстау әдісі таныстырылды. Қымызхана иелеріне ақсақалдар ақ батасын беріп, ізгі тілек жаудырды.

Іс-шараны Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиұлы ашып, ұлттық дәстүрге тағзым ету — болашаққа бағыт екенін атап өтті. Сондай-ақ Қырғызстанның Ыстықкөл облысы, Түп ауданының әкімі Қаныбек Әбиев, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов, еңбек ардагері Тоққожа Естенов және Жолан Омаровтың әкесі Ыбрайахын ақсақал көпшілікке құттықтау сөз арнады.

Мерекеге Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи бастаған ел өңірлерінен келген Аналар кеңесінің төрайымдары арнайы қатысып, ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың маңызын айқындай түсті.

Фестиваль аясында ұлттық спорт түрлері: аударыспақ, қыз қуу, жамбы ату, теңге ілу, қошқар көтеру, қазақ күресі сынды ойындар өтті. Қымыз ішуден жарыс та ұйымдастырылды — 15 келілік ыдыспен қымыз ішкен қатысушыларға сыйлықтар табысталды. Аудандық округтер мен мекемелер тіккен киіз үйлер ұлт жауһарларымен көмкеріліп, нағыз этноауыл көрінісін берді.

Ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесінде «Беларусь Агро Техника» сауда үйі заманауи техникаларды таныстырып, тиімді лизинг шарттары бойынша кеңес берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай көрмелер ауыл шаруашылығын қолдап, техниканың жаңаруына серпін береді.

🔹 2024–2028 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, машина-трактор паркін жаңарту көрсеткіші 2025 жылы 6,5%, 2030 жылы 10% болуы тиіс.
🔹 Биылдың өзінде 490 жаңа техника сатып алу жоспарланған. Бүгінде оның 181-і алынған — бұл жоспардың 37%-ын құрайды.

Фестиваль аясында өткен «Жолан жүйрігі» республикалық ат бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен және Қырғызстаннан 150-ге жуық тұлпар қатысты. 9 шақырымдық құнан бәйгеде Қырғызстандық Арсен Болотбеков «Роки» атты сәйгүлігімен жеңіске жетсе, 31 шақырымдық Аламан бәйгеде Мейір Дәулетбай мініп шыққан «Айбалта» бірінші болып келді. Жүлде қорында 2 Changan кроссовері және 10,5 млн теңге болды.

Топ бәйгеде Амангелді Нұрислам «Қалқаман» тұлпарының тізгінін ұстап, екінші Changan кроссоверін ұтып алды. Жеңімпаздарға ақшалай және заттай сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, «Толағай» сайысында алыптар күш сынасып, қошқар көтеріп, зіл тасты иыққа алып, мерекенің көрігін қыздырды.

Мерекелік концертте ҚР және Қырғызстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық иегері Алтынбек Қоразбаев, сондай-ақ «Алатау серілері», Ұлту Қабаева, Нұрболат Абдуллин, Бейбіт Қорған, «Абырой» тобы өнер көрсетті. «Сүйінбай сазы» мен «Топжарған» топтары, жергілікті жыршылар мен ақындар алаңды ән мен жырға бөлеп, кештің мазмұнын толықтырды.

Бұл фестиваль – табиғатпен үндескен, ел рухын көтеретін, ұрпаққа өнеге болатын ұлттық мереке ғана емес, туризм мен ауыл экономикасын қолдаудың нақты көрінісіне айналды. Ұлттық болмысымызды ұлықтайтын Қымызмұрындық секілді дәстүрлі шаралар жас ұрпақтың рухани жаңғыруына негіз болары анық.


Рекомендовать
Последние новости