Үкіметтің кейбір мүшелері ашықтан ашық келемежге ұшырайтын жағдайға жеткен - саясаттанушы

Кәмшат Тілеухан 11 июн. 2025 14:06

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Қазақстан экономикасы, оның даму барысындағы Үкімет мүшелерінің үлесіне қатысты өз пікірін білдірді. Маман бұл реттегі мүшкіл хәлді бүгіндері кейбір министрлердің келемеж, уәж нысанына айналуын мысалға келтіре отырып, сынайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Меніңше, Үкімет қоғамның санасына "экономикадағы жағдай өте жақсы, оған қазіргі министрлер кабинеті ат салысты"  деген ойды құйып бағуда. Шындығында, бізде экономикадағы жағдай әрдайым жақсы болып келген. Бірақ, соңғы жылдары "Қазақстан тәуелсіздіктің барлық 30 жылында дұрыс бағытта дамымаған" деген пікірді алға тарта беру әдетке айналған. Өстіп, осыған дейінгі алаулатып-жаулатып насихатталып келген қазақстандық жетістіктер, реформалар, табыстар туралы даңқ-дақпырттың күші сұйылды. Бірақ феноменальды экономикалық өсім мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету үшін тартылған үкіметтік экономистердің жаңа буыны құзыреттілікпен де, білімімен де, біліктілігімен  де бұрынғыларынан ерекшелене алмай, арттарының қуыс екенін тез білдіріп алды (жұмыстың тиімділігі жағына қатысты сыпайылық тұрғысында ауыз ашпай-ақ та қоялық). Деңгейдің соншалықты төмендігі Үкіметтің кейбір мүшелері сын былай тұрсын, ашықтан ашық келемежге ұшырайтын жағдайға жеткен. Расында, соңғы жылы бюджетте толықтай теңгерімсіздік орын алды, инвестициялық және салық ауаны күрт нашарлады, инфляция үдей түсті. Әдетте, барлық бәле-жаланы жаба салатын сыртқы күйзелістер салдарына қарағанда экономикалық блоктың әрекеттерінен экономика әлдеқайда көп зардап шегуде (бұл арада кем дегенде екі-үш салалық вице-премьер өзінше әрекет жасауға тырысқанын әділеттілік үшін атай кетелік)", деп жазды Данияр Әшімбаев Telegram-дағы арнасында.

Ол мұндай жағдайда, әрине, бағыт-бағдарымызды ақырындап түзеп, сонымен қатар қоғамда жағымды көзқарас қалыптастыру үшін жұмыстар жасалуы тиіс екенін айтады.

"Ең бірінші кезекте, бізге басы мықты істейтін мамандар қажет, екіншіден, тағы да мықты бастар керек. Енді бұл ретте не жасалып жатқанына көз жүгіртелік. Әуп дегеннен, қазір мемлекеттік аудит басындағы Смайыловқа барлық кінәні артуға тырысу болды. Әрине, бұрынғы Үкімет басшысын сынауға болады, бірақ ол үшін одан кейін болған олқылықтарды кімге жабады? Оның үстіне бүгіндері Жоғары аудиторлық палата Мәжіліс қабырғасында өткен жылдың бюджеті бойынша есеп беріп, мән-жайды егжей-тегжей түсіндіріп жатқан жайы бар. Соның ішінде денсаулық сақтау саласындағы ұрланған-жырғалған жайлар да айтылды.  Денсаулық сақтау министрлігі үн қатып, ақталуға тырысты, бірақ келесі күні Антикор ӘМСҚ Басқарма төрағасының орынбасарын қамауға алды. Сол кезде ғана Үкімет мүшелерінің миына "мемлекеттік аудитпен дауласудан пайда жоғы" ақыры жетіп, стратегияны өзгертті. Енді ешкімнің де кінәсі жоқ, барлығы сүттен ақ, судан таза, ал экономикадағы жағдай тамаша секілді бола қалыпты. Ал экономика министрінің шегірткенің жеуге жарамды қасиеттері туралы пікірі, жұртты әзірден шошытып отырған салық реформасы, тоқтаусыз баға өсімін қарастыратын тарифтік саясаттың арқасында үдеп жатқан инфляция - бұл жәй ұсақ-түйек нәрсе екен", - дейді саясаттанушы.

Ол тек Үкіметтің оң имиджін қалыптастыру кезеңі, жұмсарта айтқанда, қолайсыз уақытқа тап келгенін қағыта жеткізіп, "бірақ экономикалық блоктан бұдан артық ақылға қонымды нәрсені талап ете аламыз ба" деген ирониялық сұрақты ортаға тастайды.


Рекомендовать
Последние новости