Талғардағы жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сотталғандардың туыстары оның әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қылмыстық іс қозғауды талап етті. Осыған байланысты Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2024 жылғы қарашада 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне байланысты ұсталғандардың жақындары мәлімдеме жасап, жасөспірімнің әкесі мен ағасын жауапқа тартуды талап еткен еді. Олардың айтуынша, дәл солар мылтық пен пышақ алып шыққан, бұл қақтығыстың өршуіне себеп болған.
Жақында сотталғандардың туыстары тағы да видеоүндеу жасап, марқұмның туыстарына айып таққан.
Бүгін Мәжіліс кулуарында журналистер Әсет Шындалиевтен Шерзаттың әкесіне қатысты іс қозғалуы мүмкін бе деп сұрады.
"Мен тергеуге алынғандардың немесе басқа адамдардың сөзіне сүйеніп пікір айта алмаймын. Қылмыстық іс қозғау үшін жеткілікті дәлелдер болуы керек. Іс қозғау туралы шешімді қылмыстық қудалау органы қабылдайды", – деп жауап берді Бас прокурордың орынбасары.
Сонымен қатар, Әсет Шындалиев Талдықорғанда өткен сот процесіне де түсініктеме берді.
"Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Барлық тараптың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар. Менің білуімше, сот процесін кез келген қазақстандық ашық бақылауға мүмкіндік алды. Сот әділ, ашық және объективті өтті деп санаймын. Үкім шығару кезінде барлық айғақтар мен куәлік мәліметтер ескерілді. Мұндай ашық соттар – әділ шешімдер қабылданып жатқанын және ештеңе жасырылмайтынын көрсетуге бағытталған", – деді Бас прокуратура өкілі.
Еске салайық: Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша үкім 5 маусымда шықты. Бас айыпталушы 23 жылға сотталды. Қалған айыпталушыларға 1,5 жылдан 20 жылға дейін түрме жазасы тағайындалды.