Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Департаменті «Атамекен», «Қазығұрт», «Қапланбек» және «Қонысбаев» кеден бекеттерінде көшпелі кездесулер өткізді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Кездесулерге сыртқы экономикалық қызмет өкілдері, құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдар қатысты.
Кездесулер барысында әкімшілік кедергілерді жоюға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, шекарадағы транзиттік әлеуетті арттыруға және көлік құралдарының жиналуы секілді мәселелерді шешуге, соның ішінде жаңғыртылып жатқан кеден бекеттерінде туындайтын мәселелерге баса назар аударылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы маңызды шаралардың бірі — жүргізушілерді барлық бақылаушы органдардың мөрін жинауға міндеттейтін, бірақ нақты қажеттілік болмаған жағдайда да қолданылған қағаз түріндегі «жүгіру қағазы» (т.с.с. «бегунок») деп аталатын талонды жою болды. Бұл шара бюрократияны азайтып, теріс пайдалану мүмкіндігін төмендетуге мүмкіндік береді.
Кеңеске қатысушылар кеден рәсімдерін цифрландыру, кеден бекеттерін жаңғырту, кедендік бақылауды оңтайландыру және тасымалдаушылардың ыңғайлылығы үшін жаңа сервистерді енгізу мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, кеден бекеттерінде «Қазпошта» АҚ кассалары іске қосылып, ол арқылы айыппұлдарды ресми түрде төлеуге мүмкіндік берілді. Бұл делдалдардың араласуын болдырмауға және бейресми ақша жинау тәуекелін едәуір азайтуға ықпал етті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы М.Төлеубаев кеден қызметкерлері алдында сөйлеген сөзінде «Заң және тәртіп» қағидаттары мен сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік саясатын ұстанудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында қатысушыларға кеден саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп жатқаны туралы да хабарланды. Талдау қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктерді күшейту жөнінде ұсыныстар жолданатын болады.