Бес ай қатарынан Қазақстан экономикасы өсімінің жақсы көрсеткішке ие болуына не түрткі - сарапшы

Кәмшат Тілеухан 12 июн. 2025 12:43

 
Биылғы жылдың алғашқы бес айында Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 6 пайызға өсіп отыр. Қаржы саласының маманы Айбар Олжаев 2025 жылдың бағытын айқындау үшін де осы үшінші тоқсандағы картина ең маңызды сипатқа ие екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Біз мамыр айының статистикасын асыға күткен болатынбыз. Себебі, маусымда іскерлік индекс төмендемесе, ал ол төмендемейтін сияқты, бізде осы жарты жылдықты 6 пайыз өсіммен жабуға мүмкіндік бар. Демек, жылдың бағытын айқындау үшін үшінші тоқсандағы картина ең маңызды сипатқа ие болады", деп жазады Айбар Олжаев Facebook-тегі парақшасында.
Ол экономика өсіміндегі негізгі импульсті көлік пен логистика, құрылыс, өнеркәсіп пен өндіріс бергенін нақтылайды.
"Биылдан бастап ең қатты өскені - көлік тасымалы саласы. Теміржолмен жүкті тасымалдау 17 пайызға, құбыр арқылы шикізат тасымалдау 13,8 пайызға артқан. Демек Қазақстан экономикасында логистика бағыты күн санап маңызды секторға айналып келеді. Біз, әу баста, негізгі үмітті осы логистикаға артқан болатынбыз. Қазақстанның Орта дәліздегі негізгі мемлекет ретінде танылуын осы сандардан көруге болады", - дейді ол.
Оның айтуынша, тағы бір локомотивтің бірі - құрылыс саласы.
"Құрылыс осы бес айда 15,4%-ға артқан. Елдегі барлық өңірлерде қарқынды құрылыс жүргізіліп келеді. Ғимараттар, жолдар, көпірлер, зауыттар мен фабрикалар салынуда. Сонымен бірге өнеркәсіптің өсуі қуантады, Қазақстан молынан тыңайтқыштар, химия, цемент, құс етін әзірлеудің арқасында өнеркәсіпте 6,4% өсім бар", - дейді Олжаев.
Маман өндіріс секторында біз 30 жыл бойы күтіп жүрген бір тренд орын алғанын баса атап көрсетеді.
"Бұрын бұл сектордың дамуын шикі мұнай мен метал өндіру, яғни шикізаттық сектор қамтамасыз ететін. Биыл сектордағы басым үлеске өңдеу бағыты ие болып отыр. Яғни, негізгі өсімді шикізатты қазып алып сату емес, оны өңдеп, дайын тауарға айналдыру ісі беріп отыр. Мұнайға деген тәуелділікті жылына 1-2 пайыз болса да қысқарта беруге бет алған сияқтымыз. Оны биылдың жылдың жалпы қорытындысы шыққанда, өткен жылмен салыстырып толық айта аламын", - дейді ол.
"Жалпы алғанда жағымды тенденцияның иісі сезіледі", деген маман 17 мегажоба туралы әңгімені жалғастырады.
"Осы тізімдегі екі мегажобаның автокөлік құрылысына қатысы бар. Биыл Қостанай облысында КИА зауыты іске қосылады. Оған 131 миллиард теңге инвестиция құйылды. Жылына 70 мың КИА автокөлігі құрастырылып, оны жақын, алыс шетелдерге экспорттай бастаймыз. Тағы бір пайдасы, онда бір жарым мың адам жұмыс істейтін болады. Биыл Алматыда Chery, Haval және Changan автокөліктерін шығаратын көпбрендті зауыт жұмысын бастайды. Онда құрастырылған Қытай көліктері Еуразиялық экономикалық одақ нарығын жауламақ. Себебі, Қазақстанда жасалғандықтан пошлина төленбейді. Сондықтан Қазақстаннан алу тиімді болмақ. Экономиканың өсуі, фискалды стимулдар арқылы (мемлекеттің экономикаға арзан кредиттер арқылы ақша құюы) ішкі тұтынудың артуы жағдайында өсім мен инфляция арасындағы идеалды балансты табу қатты маңызды болып отыр. Экономика өсіп, ақша көбейіп, бірақ артынан қымбатшылық ұрса, бұл біздің табысымыз бен жетістігімізді жоққа шығарып жібереді. Халық бір қадам алға жүріп, артынан екі қадам артқа шегінбек. Осы сұрақты қаперде ұстап отыру қажет", деп сөзін қорытындылайды Айбар Олжаев.
Бұған дейін 2025 жылдың қаңтар-мамыр аралығында Қазақстанның ЖІӨ 6%-ға өскенін хабарлағанбыз.

Рекомендовать
Последние новости