Түркістан. Әдеби кештер ауыл-аудандарда өтеді

Dalanews 17 окт. 2023 05:44 1120

Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев бір топ қаламгермен кездесу өткізді. Кездесуге Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, сыншы Әрмиябек Айт, Филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, ақын, халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым, «Turkistan Media Holding» ЖШС-ның басқарушы директоры, журналист Тельман Бейсен және облыстық мәдениет және туризм басқармасының өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мазмұнды жиында облыс әкімінің орынбасары қаламгерді мерейтойымен құттықтай отырып, өңірде атқарылып жатқан шараларға тоқталып, бес жылдық белесте ауқымды істер қолға алынғанына тоқталды.

Сонымен қатар жыл соңына дейін облыс аумағында қаламгерлермен 20 әдеби кездесу өткізу жоспарланғанын, соның алғашқысы осы сапар екенін атап өтті. Аталған кештер облыстың аудан, қалаларында өтеді. Осы арқылы Түркістан өңірінің рухани әлеуетін көтеріп, Түркістан қаласын тарихи елорда ретінде дамыту көзделген.



Қасымхан Бегманов облыс басшылығының осындай құрметпен қарсы алып жатқанына алғысын жеткізіп, өзінің ән жинағы мен үш бірдей кітабын тарту етті. Өзге де қаламгерлер киелі мекен Түркістанның жаңа кейіпке еніп, гүлденгенін тілге тиек етті.


Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан қаламгерлердің өңірдегі сапары Түркістандағы «Фараб» кітапханасында Қасымхан Бегмановтың «Жырым сенсің, туған жер» атты шығармашылық кешімен жалғасты. Ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып, театр әртістері өлеңдерін оқыды. Облыс әкімінің атынан құрмет көрсетілді. Ертең ақынның туған ауылы Сауран ауданы мен Кентау қаласында кеші өтеді.

 

 

Рекомендовать
Последние новости