"Болашақ" стипендиясынан бас тарту негізсіз - бағдарлама түлегі

Dalanews 17 окт. 2023 07:24 1274

«Болашақ» халықаралық бағдарламасы жүзеге асқан отыз жылдың ішінде 12 мыңға жуық маман шетелдік жоғары оқу орындарынан білім алып, біліктілігін шыңдады. Олар өз саласы бойынша шетелде алған тәжірибесін бүгінде кәдеге жаратып, ел дамуына үлес қосып келеді. Бірақ «таяқтың екі ұшы бар» демекші, аталған жобаға «ғылыми туризм» ретінде қарап, «бағдарламадан бас тарту керек» дейтіндер жоқ емес.

 Алайда бағдарлама түлегі Арнұр Мұхаметжанов елдегі білім сапасын халықаралық деңгеймен ұштастыратын бағдарламадан бас тарту негізсіз деп санайды. Кейіпкеріміз аталған бағдарламаның тиімділігі жайлы Dalanews-пен ой бөліскен еді.

 – Арнұр, халықаралық бағдарламаның мүмкіндігін қалт жібермей, Ұлыбританияда тәжірибе толыстырдыңыз. Алдымен қалай оқуға түскеніңізді айтып берсеңіз...

– Ізденіс дамуға бастайды. Сондықтан мен алдымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетін есеп және аудит мамандығы бойынша аяқтадым, одан әрі білімімді жетілдіру мақсатында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін қаржы магистрі мамандығы бойынша тәмамдадым. Магистр дәрежесіне қол жеткізген тұста келешекке жоспарымды тағы бір сүзгіден өткіздім.

Алдымен мемлекеттік қызметке орналастым, одан кейін шетелде оқысам деген бала арманыма қол жеткіземін деп шештім. Бұған мемлекеттік қызметшілердің бәсекеге қабілеттілікті арттырып, тәжірибе арттырып отыру міндетін қосыңыз. Осылайша, болашағымды «Болашақпен» байланыстырдым. Тәуекел етіп, үлкен қадамға барған соң мойнымда зор жауапкершілік тұрды. Сондықтан ізденіске көп уақыт жұмсадым.

Өзге тілді жоғары деңгейде меңгеру – ұзақ мерзімді, жүйелі еңбекті қажет ететін процесс. Өйткені оны дұрыс меңгермесеңіз, бір қатені жүйелі түрде қайталауыңыз мүмкін. Оқу процесінде де кедергісі көп. Сондықтан ағылшын тілін меңгеру бойынша 6 ай тілдік курсқа зер сала дайындалдым. Одан кейін мемлекеттік тілден емтихан бар. Тағы кешенді тестілеуден өтесіз.


Ол арқылы бағдарлама сіздің интеллектуалдық, кәсіби, психологиялық дайындығыңызды тексереді. Соңғы тур – комиссиямен әңгімелесу. Осы кезеңнің барлығынан сәтті өтіп, IELTS емтиханынан 7 балл еншіледім. Содан соң ғана стипендия бұйырып, Ұлыбританияның Эксетер университетіне көптен күткен жолдама алдым. Мұнда экономика магистрі мамандығы бойынша білім алу мүмкіндігі бұйырды.

– Шетелде магистратура немесе докторантурада жалпылама мамандық дағдысын емес, тарбейінді, яғни белгілі бір ғылым бағыты бойынша дәріс береді. Сіздің негізгі зерттеу объектіңіз қандай еді? Ұлыбританияда қай бағытта ізденіс жасадыңыз?

Оқуға түсер алдында Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінде қызмет атқарған едім. «Times Higher Education World University Rankings» рейтингінде алғашқы екі жүз үздік университеттің тізімінен табылатын Эксетер университетінде де салама қатысты жаңа ақпараттар алып, макроэкономикалық, қаржылық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, экономикалық өсімнің қарқыны мен сапасын арттыру бағыттарына терең бойладым.

Таңдауым да «Бюджеттік шығындар мен экономикалық өсу» тақырыбына түсті. Университетте белгілі бір саланың әр бағытын жіті зерттеуге маманданған оқытушылар көп болды. Оқулықтар, ғылыми материалдар базасын пайдалануда қиындық туындамады.

– Өзге ел өзгеше эмоция қалдыратыны анық. Ұлыбританияда сізді не нәрсе таңғалдырды, өзге орта жатырқамады ма?

Ағылшындар байсалды келеді. Қарапайым кезекке тұрудың өзін тұтас мәдениетке айналдырған. Тағы бір ерекшелігі – олардың заңға қатаң бағынатыны. Көшеде жүру мәдениетін қозғасақ та, ешкім ережені бұзбайды. Жеңіл көліктер дабылын тек төтенше жағдайда ғана басады. Біздің елдегі психологиялық ахуал бойынша дабылқаққыштарын әр жүргізуші кез келген жағдайда, тіптен жай амандасу үшін де басатыны бар.



Тіл мәселесіне келгенде де ерекшелік бар. Оны академиялық ағылшын тілі курсына қатысу үшін Ньюкасл қаласына барғанда байқадым. Дәріс барысында мұғалімдер таза біз меңгерген акцентпен тіл табысса, сабақтан тыс «джорджи» акцентіне ден қойып, сол тілде сөйлесетін.

Ал, оны басқа қалаларда тұратындар, тіпті лондондықтардың өзі түсінуі екіталай еді. Сондай-ақ шетелдік студент көп болғандықтан мұндағы адамдар үшін ол қалыпты жағдай секілді. Әрдайым көмектесуге әзір, тіпті университеттегі шетелдік студенттерге арналған ұйым ел мәдениеті мен өміріне үйренісу үшін арнайы кездесу ұйымдастырды. Бұдан бөлек, салаға қатысты шараларға қатысып, үлкен компаниялардың басшыларымен басқосуларға, жетекші компаниялардың ұйымдастыруымен өткен жұмыс жәрмеңкелеріне, идеялар фестиваліне қатыстық.

– «Жақсы білім көзі шетелде» деген түсінік бар қоғамда. Екі елдің оқу бағдарламасын салыстырмалы түрде айтсаңыз. Сізге қайсысы, несімен ұнады?

Оқу бағдарламасында нұсқауланған сабақты және мұғалімді өзіміз таңдауға мүмкіндік жасалған. Қазақстанда мұғалімдер көбіне студенттерді міндеттейді. Сабаққа келмей қалса, «жоқ» деп белгілейді, баллын төмендетеді. Ал шетелде ешкім қинамайды, профессорлар бұндай мәселеге бас ауыртпайды. Бастысы – емтиханда барып, бүкіл тапсырманы тапсыруға міндеттісіз. Егер сабаққа бармасаңыз, оны тапсыра алмайсыз. Сондықтан әркім өзі үшін барады.

Тағы бір айырмашылығы – профессорлар мен студенттердің қарым-қатынасында. Мұнда студент кез келген уақытта профессорларға барып, өзін мазалап жүрген сұрағын қоя алады, барлығын мұғалімнің поштасына жазып, хабар алып отыруға мүмкіндігі бар.

– «Болашақ» бағдарламасының кейбір түлектері елге келіп қызмет еткісі келмейді», «Бағдарламаны тоқтату керек» деген пікір жоқ емес. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

Қоғамда «Болашақты» бай-манаптар мен шенеуніктердің балалары жеңіп алады деген түсінік бар. Алайда, аталған стипендияны жеңіп, мұхит асып білімін жетілдіріп келген қарапайым қазақ жастары көп. Сондықтан мұны негізсіз пікір деп есептеймін.

Ал шетелде оқыған студенттердің елге оралмай қалуына әртүрлі фактор әсер етеді.

Стипендиат тап болатын әрі маңызды фактор – шетелдік университетте алған мамандық бойынша Қазақстанда жоғары жалақы беретін жұмыс табудың қиындығында болар. Бірақ, қазір ахуал бағдарламадан «бакалавриат» программасын алып тастағаннан кейін жақсарды деген ойдамын.

Ал өзіме келсем, оқуды тәмамдаған соң өз елімде жұмыс істеуім қажет деген ойда болдым және сол ойдан айнымадым.


Бағдарламаның миссиясы – өзге елдегі тәжірибені өзімізде қажетке жаратып, ел дамуына үлес қосу. «Мен елімнің патроиотымын» деген әрбір жас осыны түйсіктен шығармаса деймін. Себебі ел ертеңі терең білімді һәм қабілетті жастардың қолында.

– «Болашақ»  өміріңізді өзгертті ме? Жиған тәжірибеңізді елге қалай сіңіріп жатырсыз?

«Болашақ» стипендиясы болмаса, Ұлыбританияда білім алуым екіталай еді. Жаңа орта жаңа трансформацияға бастады. Елге келгеннен кейін жиған тәжірибе қызметте қолғабыс етті.

Оған менің еңбек жолым дәлел бола алады. «Болашақпен» оқып келген соң бас сарапшы қызметінен ауысып, Ауыл шаруашылығы министрлігінде департамент директоры болып тағайындалдым. Одан кейін Жамбыл облысында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы ретінде қызметімді жалғастырдым.

5 жылдан соң Қазатомөнеркәсіп» ҰК» АҚ-ның еншілес кәсіпорнында сарапшы маман болып, кейін Солтүстік Қазақстандағы ауыл шаруашылық стансасында  басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқардым. Мұнда біз екі жылдың ішінде тозығы жеткен кәсіпорынды қалпына келтіріп, қайта аяққа тұруына себепкер болдық. Қазір мемлекеттік қызметке қайта оралып жатырмын. Алға жоспарым жүйелі.

– Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтіліңіз 10 жылға жуық. Тәжірибелі, өз ісінің маманы ретінде мемлекеттік қызметтің артықшылығы неде деп айта аласыз?

– «Тіреуі барлар ғана мемлекеттік қызметке келеді» деген пікір бар. Мұнымен келіспеймін. Себебі, өзім мансаптық өсудің барлық сатысын өткеріп келемін. Мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы. Ол барлық талаптан шыға білу керек. Артықшылығы – еліне, қоғамға қызмет етуінде, ортақ игілік үшін барын салуында.

Жүсіп Баласағұн «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» деген. Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің бар күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, Отанына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші бас пайдасын ойламай, ел сенімін алғашқы орынға қоюы тиіс.

– Еліміз жаңа кезеңге қадам басты. Жаңа Қазақстаннан не күтесіз?

Жаңа Қазақстаннан әділетті, адам құндылығы мен теңдігі сақталған қоғамда өмір сүруді күтемін. Бірақ, менің ойымша, «бізге біреу жарқын болашақ жасап береді» деп күткеннен гөрі атақты неміс философы Иммануил Канттың категориялық императивіне сүйенген дұрысырақ. Яғни, біздің жеке құндылықтарымыз қоғам құндылығынан асып кетпеуі тиіс. Осы максимумдарға жүгінсек, Жаңа Қазақстанға жылдам жете аламыз.

Әңгімелескен, Мөлдір Қалымбет 


Рекомендовать
Последние новости