Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларының үшінші кездесуі өтті

Жарбол Кентұлы 20 сент. 2024 09:02 1748

Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларының үшінші кездесуі өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты. Кездесу барысында тараптар ТМҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық саласындағы ахуал жөнінде пікір алмасты.

Жиында терроризм мен экстремизмге, қару мен есірткінің заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл үшін ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту аспектілері қарастырылды.

Ғизат Нұрдәулетов лаңкестік қауіп-қатерлер туралы тұрақты және тиімді ақпарат алмасу, халықаралық террористік ұйым қатарындағы содырлар мен рекруттар қозғалатын, сондай-ақ лаңкестік әрекетті қаржыландыратын түрлі арналардың жолын кесу бойынша өзара келісілген іс-қимыл жүргізудің маңызды екенін атап өтті.

Оның айтуынша, қазіргі кезде шетелдік интернет-ресурстарды пайдалана отырып жасалатын трансұлттық қылмыстарға қарсы күресудің, сондай-ақ киберқауіпсіздік деңгейін арттырудың маңызы арта түсті.

Бұдан бөлек, жиында көлік қауіпсіздігін, соның ішінде өңірдегі елдерді өзара жалғайтын көлік-логистика бағыттарының орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті екеніне назар аударылды.


Рекомендовать
Последние новости