Түркі әлеміне танымал кәсіпкерлер «Қылует» рухани орталығының іргетасы қалауға белсене қатысуда

Dalanews 09 нояб. 2021 11:20 920

Бүгін Түркістанда «Қылует» рухани орталығының іргетасы қаланды. Сәулеті мен маңызы ерекше нысанның ашылу салтанатына зиялы қауым өкілдері, дін өкілдері, кәсіпкерлер мен облыстық мәслихат депутаттары қатысты. Нысанның іргетасын қалау рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпенов қатысып, жұртшылықты сауапты істің басталуымен құттықтады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев игі бастаманың маңыздылығына тоқталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Бүгін іргетасы қаланған орталық ашылған соң облысымыздың руханиятына оң серпін береді деп ойлаймын. Бұл орталық кәсіпкерлердің және жалпы халықтың қаржылай қолдауымен салынады. Арнайы есепшот жарияланып, оған кез келген адам үлес қоса алады. Менің ойымша, Түркістандағы мешітті салуда менің де кішкентай үлесім бар деген сезім азаматтарға жігер береді. Игі бастамаға қолдау білдіріп жатқан азаматтарға алғысымыз шексіз – деді облыс әкімі.

Жалпы мешіттің құрылысына еліміз бен түркі әлеміне танымал кәсіпкерлер демеушілік жасайды. Олардың арасында «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ның басқарма төрағасы Хайрулла Қожабаев пен «Ныш - Ер» ЖШС-нің директоры Ерболат Төрежанов және өзге де азаматтар бар.



Жобаны жүзеге асыру үшін «Хилует» қайырымдылық қоры ашылған. Жиында «BBR Yapi» ЖШС құрылтайшысы Йылмаз Бабур, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Тұяқбаев сөз сөйледі.

Жоба авторы Шоқан Матайбеков рухани орталықтың жобасымен таныстырды. Рухани орталық құрылысының басталу күні жазылған мемориалдық тастың жанындағы салтанатты жиында бас мүфти ақ батасын беріп, игі іске сәттілік тіледі.

0,86 гектар аумақта орналасқан рухани орталықтың көлемі – 2300 шаршы метр. Құрылыс жұмыстары биыл қазан айында басталған. 2022 жылы ел игілігіне беріледі. Жерасты мешітінің қасынан бой көтеретін медресенің аумағы – 1282,8 шаршы метр. Қарилар мен болашақ дін ғұламаларын даярлайтын медресе де 2022 жылы тапсырылады.

Бұл мешіттің тарихы тереңде жатыр. Түркістанда XIX ғасырдың екінші жартысында (1864-1865 жж.) салынған «Қылует» мешіті болған. Мешіт ғимараты 1960 жылы бұзылып, орнына бір күмбезді жаңа мешіт бой көтерген. Кейін келушілердің көбеюіне байланысты 1980 жылы толық сүріліп, қайта салынған. 2020 жылы мешіт жарамсыз деп танылып, бұзылған. Қазіргі таңда мешіттің Түркістан қаласы үшін тарихи маңыздылығы ескеріле отырып, 500 адамға лайықталып, қайта салу жұмысы басталды. Сондай-ақ мешіт аумағында заманауи оқу орны – медресе, яғни, қарилар дайындау орталығы да бой көтермек.

Рекомендовать
Последние новости