Өмірзақ Шөкеев тұрғын үйлерді тез арада жылуға қосуды талап етті

Dalanews 09 нояб. 2021 09:59 972

Түркістан облысы әкімі аппаратының кезекті жиналысында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылумен қамту мәселесі сөз болды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жылуға жауапты мекемелердің басшыларының есебін тыңдап, жұмысты ширатуды тапсырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан қаласында 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін бос жер телімдерін қоса алғанда 40527 абонент үшін табиғи газ қолжетімді болады. Атап айтсақ, 39937 жеке тұрғын үй, 106 әлеуметтік нысан, 484 кәсіпкерлік нысан, 44 көпқабатты үйге газ жеткізілмек.

Түркістан қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы тарапынан ұсынылған 499 отбасына газосигнализатор орнату үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, жеңізпаз анықталған. Қараша айының соңына дейін аз қамтылған отбасыларға газосигнализатор орнатылады. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков жылумен қамту бағытында жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеді.

– Әкімшілік-іскерлік орталықтағы 7 қабатты 10 тұрғын үйдің құрылысы 2019 жылы басталып, 2021 жылы қабылдаудан өтті. Жоба бойынша тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, қабылдау актісі түзілді. Аяқталған үйлерді газға қосу барысында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ тарапынан газды қосуға келісім берілмеді. Себебі газ пештерінің түтін шығару жүйесі күйдірілген кірпіштен қаланған. Ол тұрғындарға қауіп тудыруы мүмкін. Қазіргі таңда 6 үйде коаксиалды құбырларды орнатуды жұмыстары аяқталды. Тұрғындар тұрып жатқан 5 үйде газға қосу жұмыстары жүргізілуде. Барлық үйлерді газға қосу қараша айында толық аяқталады, – деді ол.

Өңір басшысы аппарат отырысында Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевтің, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Тұрғамбаевтың да есептерін тыңдады.

Өмірзақ Шөкеев тұрғын үйлерді дер кезінде жылуға қоспаған жауапты басшыларды қатаң сынға алып, жұмысты жандандыруды, үйлерді толық жылуға қосуды жүктеді.

– Бес емес, он үйді тез арада жылуға қосу керек. Қандай адамсыңдар? Сын өздеріңе келіп тиетінің қалайша түсінбейсіңдер? Қыс келді ғой. Жылусыз пәтерде бір күн тұрып көріңдерші. Тұрғындардың бала-шағасы бар. Обал емес пе? Осы мәселені жедел шешуді тапсырамын, – деген облыс әкімі жылу мәселесі тұрақты түрде күн тәртібіне қойылып, әрбір мердігер мен жауапты басқарманың жұмысы қатаң бақылауда алынатынын жеткізді. Сонымен бірге тұрғын үйлердегі газ қауіпсіздігін сақтау мақсатында тексеру және түсіндіру жұмыстары да жүргізілетін болды.

Рекомендовать
Последние новости