Ведомство басшылығы еліміздегі мерекелік күндердің тізіміне тағы бар кәсіби мамандық енгізуді жоспарлап отыр. Бұдан былай 16 сәуір «Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы саласы жұмысшыларының» мерекесі ретінде атап өтіледі.
Мұндай ұсыныс Ашық үкімет порталына жолдаған министрлік мамандарының айтуынша, аталған сала мамандарының еңбегі көп жағдайда елеусіз қалады.
«Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық саласының мамандары елімізді тәулік бойы жылумен, жарықпен, сумен қамтамасыз етіп отыр. Есік алдын, ауланы тазартып, қала көшелерін, саябақтарды тазартып тұрғындардың жайлы әрі қолайлы демалысына жағдай жасап келеді. Олардың еңбегі лайықты бағалануы тиісті деп санаймыз», – делінген Ашық үкімет порталына орналастырылған құжатта.
Айта кетелік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жұмысшыларының мерекесі КСРО кезінде атап өтілетін. Мереке ТМД -ның бірқатар елдерінде әліге дейін сақталып қалған.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өз кезегінде осы мерекені атап өту арқылы салаға жастарды көптеп тартуды көздеп отыр.
Министрлік дерегінше, бүгіндері бұл салаға жас мамандар мен жоғары білікті инженерлер ауадай қажет. Осы салада 20-30 жыл бойы талмай, тынбай еңбек еткен аға буынның орнын басатын жас кадрлар керек.
Өкінішке қарай, жастар аталған саланың айлығы аз, имиджі төмен деп есептейді, соның салдарынан көбіне-көп басқа мамандықтарды таңдап жатады.
Еске салайық, Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында президент Тоқаев ұлттық мерекелер мен мерейтойларға өзгеріс енгізу қажеттігін мәлімдеген еді.