Тұлпар мініп, ту ұстаған Төрехан

Dalanews 09 окт. 2020 12:57 1579

 

            Еліміз егемендік алғалы бері қарт тарихтың ақтаңдақ беттерін ақтаруға қол жетіп, рухы биік бабаларымызды ғасырлар қойнауынан аршып алып, бүгінгі күннің төріне шығара бастадық. Болмысынан ерекше жаратылған сергек жандардың ізгі қасиеттеріне үңілу, танымды тағылымдарын тану өскелең ұрпаққа тәлім. Әсіресе, тектілікті қастерлеген қазақы ұғымға орай ұрпақтар сабақтастығын саралап, өзекті мәселе әке мен бала жалғастығына ой жүгірту. Осы мақалада Жақыбай бидің баласы Төрехан ақынның өнердегі бейнесі, қайраткерлік қыры, бала тәрбиесіндегі ықпалы екшеленеді.

Әр кімнің өз тегін, қайдан шыққанын білуге құштарлығы, өзінің түп-тамырын тереңнен тартқысы келетіні тым әріден келе жатқан қазаққа тән танымдық ұмтылыс. Тектілік тамырына үңілсек Төрехан ақынның атасы Салпық би Тоқарыстаннан тарайтын Бесмұратқа билік құрған, әкесі Жақыбай осы билікті жалғастырып, Мырзамкелді руының Туматай тармағына билік жүргізген. Атасы да, әкесі де жері бай, берекелі елдің көшін бастап, ұрпақтарына ұлағатты жол қалдырған адамдар. *

Салпық би күллі саналы ғұмырын ел игілігіне сарп еткен адам.  Уақыт ықпалымен қазақ болмысының және қазақ елінің жаңа бағытқа бұрылуы Салпық би заманының сағасына құяды. Жақыбай бидің дәуірінде қазақ қауымының көшпелі тірлігі отырықшыл мәдениетке бет бұрып, кеңестік саясаттың қыспағына ұшырау кезеңіне ұласады. Алмағайып заманда өмір сүрген екі би де «бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай» деген ұстанымға сүйеніп, асқақ армандарымен елін береке-бірлікке ұйытып,  жұртының жарасымды тірлікпен өсіп-өніп өркендеуіне ықпал еткені сөзсіз.

Жиырмасыншы ғасырдың басында Совет Одағы орнап, қоғамдық формация өзгеріске ұшырады. Итжығыс, аласапыран заман келді. Осы тұста жігіттік жасқа іліккен Төрехан атам басынан көптеген қиындықтарды өткереді. Архивке үңілсем, арнайы хатқа түскен деректер мол болатыны хақ. Бірақ, әкемнің өтінішіне орай қолыма ертерек қалам алдым. Сонымен, атамның бейнесі әжем айтқан және әкемнің есте сақтаған әңгімелері негізінде сомдалды.

            Салпық атасы мен Жақыбай әкесінің өміріне ой жүгіртсек Төрехан атамның қадірлі де қастерлі азамат болуы табиғи заңдылық десем де болар. Атам Суан тайпасының қасиетті атамекені Белжайлау төрінде атажұрт «Басатқарағай» қонысында дүниеге келген екен. Жер тарихын бедерлесек, қойнауы құтты Арқас тауы, оның кең ауқымды Еренқабырға салмауы Салпық атамыздан бері Туматай ұрпақтары қазығын қаққан қасиетті қарашаңырақ. Салпық атамыз Арқас тауының арғы беттегі шығыс салмауын да, батысқа қарай  жалғасқан бергі беттегі Еренқабырға сілемін де мекендегені белгілі. Жақыбай атамыздың пешенесіне бұйырғаны тек батыс салмауы Еренқабырға тауын қоныс ету болыпты. Төрехан атамыз болса, балалық шағын Арқас тауының батысы Еренқабырға салмауында өткізіп, тағдыр тәлкегімен арғы бетке өткенде Салпық атасы мекендеген шығыс қапталына барып тұрақтапты.

Арғы бетте Алатау аймағы аталған Арқас тауынан бастау алған Кеген өзенінің шығыс жағындағы қыратты жондар өрнектеген кең алқаптың Жалағаш** деген қонысын мекендеген екен. Таудың Арқас атауы, менің пайымдауымша, Суан тайпасының «Дай» тармағынан тараған 28 - інші ұрпағы Арқас атамыздың құрметіне қойылған деп түсінем.  Төрінде Арқас тауы асқақтаған Алатау аймағы  біздің бабалардың табанының ізі сайрап жатқан байырғы Суан тайпасының мекені екені тарихтан белгілі.

Ұрпақтар сабақтастығы желісіне үңілсек, Туматай бабамыздан жалғасқан батылдық қасиет, шешендікке ұласқан алғырлық пен тапқырлық қабілеттер әсте толастаған емес. Қоғамдық формация өзгеріске ұшырап, қазақ қауымына тән шешендік институты биліктен ығыстырылғанда, Жақыбай атамыз соңғы билікті жүргізіп, екінші ұлы Нұрғалиды болыстыққа өткізіпті. Осылай Совет Одағы құрылып, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан билік институты мен өмір сүру әдет-әдептері үлкен өзгерістерге ұшырайды. Осы алмағайып дәуірде Жақыбай бидің ауыл қамқоршысы болған қайраткерлік қыр-сыры ашылады.

Мұхтар Әуезовтің: «Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім екенін білу қиын» дегенін ескерсек,  Төрехан атамның әкесі Жақыбай Туматайға билік жүргізген шешен ғана емес, қарымды қайраткер, әрі өнерлі жан болған. Жақыбай бидің ел басқарудағы сара жолын екінші ұлы Нұрғали жалғастырады, ал әулетке тән өнерге деген құштарлықты жалғастырған төртінші ұлы Төрехан атамыз екен. Арғы беттегі Алатау аймағында Төрехан атам адуынды айтыс ақыны ретінде танылған. Домбыра құлағында ойнаған өнерлі болыпты, құлаққа әсерлі әсем даусымен ән айтып, домбырасымен күмбірлетіп күй шертеді екен.

Бабалардың тәлім-тәрбиелік ықпалын пайымдасам, оның көп қырлы мәселе екені шүбәсіз. 1855 жылғы «жұт» жылынан басталған алмағайып заманды Салпық дәуірі деп болжасақ, 1881 жылдан кейін шекара белгіленіп, ел бергі бетке қоныстанып, мамыражай тірлікке бет бұрған заманды /1900 жылдардан бастап/ Жақыбай дәуірі деп те анықтасақ болады. Әкелі-балалы екі би екі түрлі дәуірдің өкілдері болып табылады. Төрехан атам болса бабақоныс Белжайлауда өмірге келіп, атажұрт «Әулиеағаш» маңайын мекендеп, Советтік дәуірдің қыспағынан өтіп, арғы бетке байырғы атамекенге тұрақтайды. Сөйтіп, баба-ата-бала легі заманның үш түрлі кезеңінде өмір сүрді.  Былайша айтқанда, баба мен ата  байырғы қазақ қауымының арты болса, балалары – жаңа қоғамдық қауымның өкілдері еді.

Атамның азаматтық бейнесін сомдау барысында, атқамінерлер қосынын бөле жарып қарастырғанды жөн санадым. Салпық би бастаған, Жақыбай би жалғастырған дәуірдің адамдары қазақтың далалық даналығына жетік, салт-дәстүріне  жүйрік тобына жатады. Олар қазақтың байырғы  жол-жоралғысына қанық еді. Төрехан атам тәлім алған ұстаздар да осы игі жақсылар болды. Екінші қосын атқамінерлердің жаңаша тобы. Бұл топты ел «игі жақсылар» емес «шолақ белсенділер» деп атады. Мұхтар Әуезов айтқандай, олар отаршылық жүйенің өнімі, сол себепті «нәрсіз» топ болып саналады.

Ел жадында сақталғаны - Жақыбайдың балаларына үлкен сенім арта отырып, «тегіңе тарт» деген өсиет сөзі:

Бабаң асқар тау болса, сен шоқысың.

Таудан шоқы озбайды, ол өмірлік шын.

Әкең асқар тау болса, сен ормансың,

Орман тауға жарасар, оны қымтап тұрғасын.

Бабаң сенің телегей теңіз болса тулаған.

Ұят шығар теңізден бұлақ болып тумаған.

Бабаң сенің өтсе егер тұлпар мініп, ту ұстап.

Елің үшін, жер үшін, еркекке жоқ тұрыспақ.

Шындығында, Жақыбай атам бабасының игі ісін жалғастырған, өз дәуірінің ақылды, көреген адамдарының бірі болған. Сондықтан да, ұрпағының рухы биік, «табаны таймай» елі үшін «ту ұстап, тұлпар мінгенін»  армандаған асқақ жан болыпты. Аласапыран кезеңде де ұрпақтары әке аңсаған арман үдесінен шығып,  сенімін ақтады.  Нұрғали Совет үкіметі келгенше болыс болды, Жаркент уезінде /табиғат қорғау қоғамы/ басшылық қызметтер атқарды. Арғы бетте ауылына зәңгі, сонан соң ауданға ақалақшы болды. Ерғали Жаркент уездік жастар қоғамының хатшысы болған.

Төрехан атам өнерпаз болған екен, Алатау аймағына ақындығымен атағы шыққан «сегіз қырлы, бір сырлы» сері жан болыпты. Нұрғали қызметпен Құлжа қаласына ауысып кеткен соң, ауылдың тізгінін уысында ұстап, ел-жұртының игілігіне еңбек сіңірген қайраткерлік қабілетімен де танылған екен.

Жалпы, Төрехан атам өмірдің талқысын көп көріп, ащы дәмін татқан адам.  Әрине, бейбіт тірліктің,  қайырымдылықтың да қадірін басынан өткерген. Әлқисса 1927 жылдың күзінен басталады. Совет дәуірінің «шолақ белсенділері» Жақыбай биді бай болған, би болған, елді қанаған, колхоздастыруға қарсы деген сылтаумен мал-мүлкін тәркілеуге /кәмпескелеуге/ және қызмет атқарып жүрген балалары Нұрғали мен Ерғалиды «кулактың» балалары деп ұстап, ит жеккенге жер аудармақ болады. Мұны алдын-ала сезген Нұрғали сол жылы күзде қасына Ерғалиды ертіп «Қазан көлі» арқылы арғы бетке өтіп кетіпті. Малдың иесі ретінде құжаттарға Төрехан атам жазылған дейді, өйткені жылқыны қарайтын да, жақсы білетін де атам болыпты. Сондықтан, ұжымдастыру /колхоздастыру/ науқанында Төрехан атам «қулак» атанып, Жаркенттегі түрмеге жабылады.

Қазақ халқының тарихындағы кездесетін «ақтаңдақ» беттерінің бірі ауыл шаруашылығын ұжымдық үрдіске /коллективтендіру/ өткізу саясаты болды. Ол кезде саяси науқан ретінде іске асырылса, соңы күрделі саяси проблемаға айналды. Осындай рахымсыз жүйенің нөкерлері де өз кезінде рахымсыз болды. Ұжымдастыру саясатына қарсы шыққандарды (астық өткізбеген, малын сойған, т.б. ) аяусыз жазалады. Қит етсе оларды тап жаулары қатарына қосып, оңды-солды соттап, тәркілеу науқанын жүргізіп отырды. Әжемнің айтуынша, кәмпескеге түскен жанның бар дүниесі мен үстіндегі киіміне дейін түк қоймай тартып алып отырған. Ол жұмыс әдетте кешқұрым немесе түн ортасында басталады екен.

Әсіресе орта ауқатты жандарға байланысты көп қателіктер жіберіліпті. Көпшілік жағдайда «шолақ белсенділер» оларды оңашалап, колхозшылардың жиналыстарына қатыстырмай, кулактар мен байлар қатарына жатқызып, кәмпескеленетіндер тізіміне іліктіріп отырған. Ең сорақысы, орта ауқатты жандардың дүние-мүлкін алдын-ала есепке алмай, «шолақ белсенділер» ұнаған /көзіне түскен/ заттарды өздеріне алып қалып, қалғанын актілеп  колхозға өткізеді екен.  Колхоз мүшелеріне бақша егуге тыйым салып, тауықтары мен сиырларын колхозға тапсыру талап етілген. Көздеріне жақсы ат түссе, сол жерде тартып алып, мініп кетіп отырған. Сөйтіп коллективтендіру нәтижесінде елге «зорлық жасау» саясаты өмірге келіп, әкімшіл-әміршіл жүйеге пәрмен беріліпті. Күштеп коллективтендіруден қорыққандар, шекара асып кетуге мәжбүр болған.

Шекарадан өтпек болғандардың барлығына «бандиттер», «елді азғырушылар» деп қараған. Халықтың ауа көшуіне, бірінші кезекте, «шолақ белсенділер» жасаған «қорлық пен зорлық» себеп болған деп түсінем. Кәмпескелеу саясатындағы бұрмалаушылықтар, жер колхозға өткен соң, кедей-кепшіктің салғырттығынан егіннің шықпай қалуы, тауығына дейін тартып алған соң, табыс табу мүмкіндігінің тарылуы сияқты себептер, әрине,  халықтың байырғы атамекені арғы бетке өтуіне итермеледі.

Түлкінің құйрығындай бұлаңдаған заманда атамның арғы бетке өту хикаясы да қызыққа толы. Бірнеше мәрте түрмеден қашып шығуға ұмтылған екен, сәті түспепті. Түрмеге қамалғандардың ішіндегі ең жасы болғандықтан «қашса осы қашады» деген күдікпен мықты күзет қойған екен. Осылай абақтыда төрт жылдан астам жатыпты. «Шолақ белсенділердің» көрсеткен зорлық-зомбылығы бойынша Совет үкіметіне түскен толассыз арыз-шағымдардан соң, түрмеде жатқандардың істерін қайта қарауға, жаламен жатқандарды босатуға нұсқау болыпты. Түрмедегілерге қайта тергеу жүргізілгенде, атам жаңадан үйленгенін,  өзіне тиісті бір аты бар екенін және 20 жаста  сонша мол дүние жинай алмайтынын айтады. Комиссия мүшелері атамның «бай»  болмағанын, шекарада әкесінің және бауырларының атылғанын ескере отырып, қолына ақтау қағазын беріпті.

Түрмеден босаған атам, Жаркент қаласынан жаяулатып атақоныс «Әулиеағаш» ауылына барып, Салпық атасының күмбезіне келіп дұға жасайды. Сол күні Салпық күмбезінің ішіне түнейді. Ондағы ниеті мына аласапыран заманда туған жерге қайта оралатын уақыт болар ма, бір күн болса да ата-бабасының, өзінің туған топырағын құшақтап жатып, еліне-жеріне деген сағыныш мауқын басайын деген ой еді. Таң қылаң бере Шікіме (ШКМ - школа крестьянской молодежи) арқылы Өсекке түссе, өзіммен бірге түрмеде жатып, ақталып шыққандар отын дайындап жүр екен. «Жолы болар жігіттің жеңгесі алдан шығады» демекші,  солардың күзетшісі Әмір Саймағамбетов деген азамат ахуалды білген соң: «сен жаяу не бітіресің,  мен ана арбаға жеккен аттарды отқа қоям, сол кезді пайдалан да, орысқа көрсетпей атты мініп кет, менің саған істеген жақсылығым осы, ел-жұртыңа сәлем айт» деп жанашырлық танытады.

Күндіз қалың қарағаштың ішіне жасырынып, аттарды арбадан шығарып отқа қойған мезетте, ішіндегі тәуір атқа жайдақ мініп алып, шығысқа қарай жол тартады. Талды ауылының аяғындағы өткелге жақындағанда артынан екі-үш дүркін мылтық атылыпты. Бұл Әмірдің өзін пәледен сақтап қалу үшін атқан оғы екен. Осылай, қазақ халқының бір-біріне бүйрек бұрған бауырмалдағы бір қазақтың талайлы тағдырына мұрындық болады. Әттең, қазақтың барша азаматтары Әмірдей бауырмал болса ғой, қазақ ауылының іші бүлініп, берекесі қашпас еді. Әмірдей азамат жолықпаса атам үйіріне қосылар ма еді?!

Әмір Саймағамбетов Панфилов ауданында заң қызметкері болып ішкі істер бөлімінде басшы қызметтер атқарған екен. «Көктал» совхозы директорының орынбасары, Көктал ауылдық сауда бөлімінің /СельПО/ бастығы болып Совет дәуірінде көп жыл еңбек атқарған зерделі, көпті көрген, көреген кісі болған дейді. Атама осылай жақсылық жасаған Әмір ағаймен әкем Әдепхан және ағатайым Әуелхан етене араласып, сырлас болып, өмірден озғанша сыйласып өтіпті. Әмір ағай әкеме Төрехан атамның түрмеде отырып, ақталып шыққанша екі мәрте қашып шығуға әрекет жасағанын айтыпты. Сонда күзетшілерге «анау қашып бара жатыр, сендер не қарап отырсыңдар»  деп айтқандар түрмеде бірге жатқан жақын туыстар екен. Қазаққа тән пендауи іштарлық қой, өзімнен аспасын деген қарау ниет. Жалпы, осы тауқымет сол жылдарғы дүйім қазақ баласының мойнына түскен қырсық еді. Ол дәуірде Төрехан атам сияқты «көретін күні, тататын дәмі бар» адамдар ғана аман қалыпты.

«Әкеден пұл қалғанша, ұл қалсын» дегендей, қиын қыспақта аман қалған атам арғы бетке өтіп, Жақыбай әулетінің тірлігіне қан жүгіртіпті.  «Екі тау қосылмаса да, екі ел қосылады»  деген сөзге құлақ ассақ, өмірдің өткелектерін бастан кешкен Әмір ағайдың ауылы да Арқадан осы өңірге ауып келгендер екен. «Кімнің айыл-тұрманын түгел қылған»  деген сөз осындай кезеңдерде айтылған болар.

Қазақ халқы ежелден жылқы түлігін қастерлеп, «төрт түліктің басы» деп ардақтаған. Осы бір қасиетті түліктің атам үшін орны өте ерекше. Қазақ үшін жылқы тектіліктің бірден-бір нышаны саналатынын ескерсек, атамның сергек болмысы да жылқыға деген құштарлықтан сомдалған болар. Ат жалын тартып мінгеннен бастап балалық, жігіттік шағы жылқы бағумен өтіпті. Мінгені жүйрік пен жорға, қысы-жазы ішкені қымыз, жегені қазы-қарта мен жал-жая, тақымынан құрық, қанжығасынан шалма түспейді екен. Әкесі Жақыбай би малшы жалдамаған соң, малды ағасы Тәшімән және баласы Тұтқабек бағады екен. Төрехан атамды қасына ертіп жүріп, жылқы бағудың қыр-сырына баулыған өзінің үлкен ағасы Тұтқабек болыпты. Тұтқабек атаны ауыл «Әлдиім» деп атаған екен.

Жаз кезінде сауын биелерді ғана ауыл төңірегінде ұстап, қалған жылқыларды үйір-үйірімен тау бөктерлетіп, еркін қоя береді екен. Айына екі-үш рет түгендеп,
жәйілім ауыстырып отыратын болған. Қалған уақытын жайлау төрінде той тамашалап, өлең айтып, қыз-келіншектермен айтысқа түсіп, көкпар тартып, қызық думанмен өткізеді екен. Ең қиын кезең қыс мезгілі болыпты. Қыс аязды болып, қар қалың жауған жылдары, жылқыны тебіндеуге өрісі ыңғайлы Іленің бойындағы Салпық түбегіне немесе Қарадалаға отарлатады екен. Ол кезде жылқының жауы ит-құстан гөрі барымташылар мен ұры-қарылар болыпты. Жылқышылар осал болса,  өздерін байлап, жылқыны тайлы-таяғына дейін қалдырмай айдап кетуден тайынбапты. Әсірелеп айтқанда «жылқышының бір түнгі күзеті - бір жылға бергісіз тарихқа» пара-пар екен.

Жылқының қыр-сырына үңіліп, ығын түсініп, әрдайым тосыннан келген қатерге тойтарыс бере алатын алымды адамның ғана жылқысы өскен. Әркімге бұйыра бермейтін сергектік, сезімтал қасиеттер жылқы баққан азаматтардың қырағы болуына, ширақ болуына итермелеген. Түні бойы ай күзетіп, жұлдыз санап, аспанмен сырласып, ат үстінде неше алуан ойдың жетегінде жүру адамның ойын ширатып, сезімін ұштап, денесін сергітері хақ. Атқа мінген қазақтың көңілі марқайып шыға келетінін ескерсек,  жылқы бағу қиялыңды да қияға ұшырады-ау. Атамның сергектігі мен сері мінезі жылқы баққан кезінде сомдалған болар деп топшылаймын.

Әкесінен дарыған атбегілік қасиет балалық шағынан жылқы бағып, ат баптаған Төрехан атамның жылқы танудағы қабілетін шыңдай түскен екен. Жылқы бағу ауыл азаматтары үшін күн көріс қамы болса, Төрехан атам жылқыны таңдап мініп, жүйрігін баптап, бәйгеден оздыруды, жорғасын жаратып жарыстан келтіруді өнер тұтыпты. Жүйрік баптап, жорға жарату – қазақ халқы үшін үлкен өнер саналған. Ат баптау өнерінде қанмен сіңген қабілет жылдар бойы ұшталып, аттың сырын көзінен ұғатын деңгейге дейін көтеріледі екен. Төрехан атам да әкесі Жақыбай, атасы Салпық би іспетті атты құлынынан жазбай таныған атбегі болыпты. Жастайынан жылқы бағып, ат жалын тартып мінгеннен ат баптаудың сырына меңдеген атам, жүгіретін атты түр-тұрпатынан танитын сыралғы сыншы екен.

Өрісте жайылған жылқының ішінен самалға қарсы жүріп жайылған, су ішкенде ағысты өрлей ішетін, оттағанда жайылым шүйгінін қарбытып орып жейтін, оқыс қимылға үрікпейтін атты жақсы жылқыға балапты. Аттың бітімін сынағанда: кеудесі кең болса жылқының жүрегі мен өкпесіне қысым түспейді деп омыраулы, кең тынысты, сағақты болғанына мән береді екен. Шоқтығы биік, бауыры жазық, белі қысқа, сегізкөзі биік жылқылар жуан сіңірлі, бота тірсек, құйма тұяқ болса аттың аяқ алысы ауқымды, шабысқа шыдамды болатынын білдіреді деп айтады екен. Аттың қолтығы сыртқа теуіп орналасқанына, қабырғасы ұзын, көлбеу болғанына да ерекше мән беріпті.  Аттың тісін ашып, күрек тіс қатары мен азу тіс қатарының арасындағы кетік алшақ болса, оны да жақсы қасиеттің нышанына балапты. Жұтқыншағынан қаттырақ қысып ұстағанда жасқаншақтамай алдына қарай созылып босаған жылқыны жігерлі ат деп бағалайды екен. Ат таңдауда атам: «ат таңдаудың бірыңғай қалыптасқан әдісі жоқ, ішкі түйсікке сүйенген жөн» деген ұстанымды ұстаныпты.

Ат жаратуда «қалыптасқан қалып, белгілі бір үлгі болмайды» деп  отырады екен. Әр аттың мінезіне, жаратылысына қарай баптау керек екеніне мән беріпті. Аттың мінез-құлқын, ішкі сырын толық меңгеріп, соған орай әрекет етеді екен. Бәйгеге қосарда аттың қабағына ерекше қарапты. Кейде жараған аттың көңіл-күйі болмаса, дайындалған жүйрікті бәйгеге қоспайды екен. Атты жаратқанда ежелден қалыптасқан қағида шеңберінде қалыпты әдістер қолданыпты. Мысалы, кешкі салқынмен өріске жіберіп, күн көтеріле ұстау. Шөбі қуатты, шүйгін өрісті таңдау. Аттың еркін жайылып, аунап-қунап сергек сезінуі үшін қасына бірге жүрген үйірсек аттарды қосып жайылымға жіберу.

Жарату барысында атты аяңдатып, бірте-бірте бөрі аяңға көшіп,  желе жортып, екпінмен желдіріп, шаптырып  отыру арқылы тынысын ашып, бұлшық еттерін ширатып, сіңірін бекітеді екен. Осы шынықтыру әдісі күн өткен сайын арта түседі екен. Ең бастысы жылқы терлеу керек. Сонан соң, таң асыру міндетті. Елең-алаңнан өріске жіберіп, күн көтерілгенде көлеңкеге ыңғайлау да бұлжымас қағидалардың бірі. Ат ішін тартып, құрғақ тезек тастағанда ғана қара жарысқа салады екен. Жарыс ұйымдастырудың мақсаты озып келу емес, аттың мүмкіндігін байқау болыпты. «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей аттың сырын біліп, мүмкіндігін бағамдап, бәйгеге дайындығын осылай анықтапты.

Аттың бабына келуі де, әрине, әр түрлі болады. Кейбір аттар тоқжарау күйінде шабады, көбіне, іш тартып, еті жеңілдеген аттар жақсы жүгіретіні айтылады. Атты бабына келтіру туралы мағлұматтарды толық айтып шығу мүмкін емес. Мен, Мырзахан Жақыбайұлы атамнан естіген әңгімеге сүйеніп, Төрехан атамның ат баптау әдістеріне қысқаша шолу жасадым. Әңгіме барысында ұққаным, атты бәйгеден келтіретін атбегілер жаратылысы ерекше адамдар екен. Ішкі түйсігі ерекше дамыған, сыншылық қабілеті жылдар бойы тәжірибе барысында зерделенген атбегілер ғана аттың бабын тауып, бәйгенің талабына қарай жарата алатынына тәнті болдым. Төрехан атамның осындай атбегілер сапынан орын алғаны - ұрпақтары үшін үлкен мақтаныш.  Ат тану да, ат баптау да, ат міну де – өнер деп түсінем. Қазақ даласының сәнін кіргізген атбегілік өнер атамның «сегіз қырлы» азамат болғанына мұрындық болған-ау деп ойлаймын.

«Өнер – таусылмас азық» демекші өнерлі жанның өмірі өнегеге толы, өмірі өзгеге үлгі болары анық. Төрехан атам жан-жақты өнерлі жан болыпты: ақын, әнші, күйші және «сөз қадірін-өз қадірім» дейтін шешен болған екен. Әкесі Жақыбай бидің көрегенділігімен сауатын ашқан атам, Нұрғали ағасының ықпалымен емшілік кәсіпті де игеріпті. Арғы бетте Алатау аймағындағы елге төкпе ақындығымен танылыпты.  Халық әртісі Дәнеш Рақышевтің «Өнермен өзектес өмір» атты естелігінде Cуаннан шыққан Төрехан ақынның өнеріне сусындап өскенін еске алады.

Сөз құдіретін игеру тектілікпен келсе де, осы қасиет  жылқы баққан кезеңдерінде ұшталды-ау деп пайымдаймын. Кең байтақ дала төсінде көсілген кеңдік, тамылжыған табиғаттың аясындағы әсемдік, ашық түнде ғарыш әлеміндегі жұлдыздардың түсін түстеп, ай мен күннің есебінен жаңылмай жылдың төрт мезгілін қалт жібермей күзете білген қырағылық пен зерделі зейін атамның санасын шыңдап, қабілетін ұштап, таным-пайымын толықтырғаны анық. Суан тайпасының өрелі өрісі Белжайлаудан бастау алған өмір жолы Арқас тауының шығыс салмауларына ұласып, соншама кеңістікті көңіл құшағына сыйдырған аспан асты, жер үсті әлемінің сырына қаныққан тынымсыз тірлік Төрехан атамның сезімтал сезімін, әрі сыршыл қасиетін сомдағандай. Әркімге бір бұйыра бермес Алланың берген нығметі болар.

Қазақ танымында «Өнер иесі жомарт келеді» деген ұлағатты ұғым бар. Атам өнерлі қабілетімен бірге серілік жүрісімен, жаны жомарт ақкөңіл мінезімен елге сыйлы болыпты. Әжем әңгімесінде атамның туысқа кең қолтық, жолдастарына қолы ашық болғанын, қонақжай пейіліне сай үйден кісі арылмайтынын жиі айтатын.  Ағайын-туысқа қайырымды болғанын тілге тиек ететін. Мұқтаж жандарға жасаған қайырымы,  әсілі, атамның жомарт мінезін айғақтайды. Жастайынан «төрт түлік малдың төресі» атанған жылқыны баққан атам, әрине, даланың кеңдігін көңіліне түйіп, жылқының сәндігін сезіміне серік етіп, нағыз мырзалықты бойына ұялатуы заңдылық. Әкесі Жақыбай би қамал алар қырықтан асқанда, елге билік айтып тұрған кезі, баласының атын азан шақырып Төрехан деп қойыпты. Ондағы ойы «төре», «хан» тұқымдары сияқты мықты болсын, біздің әулеттен батыр да шықты, би де  шықты, ендігі ұрпақ «төре» немесе «хан» дәрежесіне көтерілсін деп ырымдаған екен. Шүкір, өз дәуірінде атам лауазымы төредей болмаса да, еліне төрелік жасап, өнерімен жұртты тәнті етіп, қайраткерлігімен бір ауылдың тұтқасы болыпты.

Төрехан атамды Суан елі ақын деп таныған да, қайраткерлік қыры тек ауыл ағайындар аясында шектеліп қалған. Атам туралы қанша айтсам да артық болмас, қайраткерлік қарымы «Әкеге қарап ұл туар» дегендей әкесі Жақыбай би мен атасы Салпық биден жұғысты болған-ау. Орысшаға сауатты Нұрғали қызмет бабымен Құлжаға кеткенде әулеттің қамы Төрехан атамның уысында болыпты. Бергі беттен ауған ел-жұрттың барған жеріне бауыр басып, елмен етене араласып, тірліктің тай қазанын қайнатуды күйттеу атама бұйырыпты. Іле аймағына қарасты Жалағаш қонысын мекен етіп «Басқы тұйық», «Ортаңғы тұйық», «Шеткі тұйық» деген басы тұйықталған жайылым жерді қыстау етіпті. Биік жотаға қоныс теуіп, жан-жағындағы мал жайылуға ыңғайлы алқапты қоршау соғып, қорық жасаған екен. «Үшбұлақ» өзенінен арық қазып, науамен жотаға су шығарыпты. Көктал ауылында жұмыс атқарған Аманбаев Сүгірбай ата осы қорғанды өзі соққанын, Жалағаштағы Суан ауылы «Төреханның қорығы» деп атап кеткенін айтқан еді. Атамның өнерлі болғанын, әрдайым жарау аттары қорықтың ішінде жайылып жүретінін сол кісіден естідім.  Әжем де әңгімесінде  атамның көкпар десе делебесі қозатынын, той-томалақтан қалмайтынын, әдемі киініп, мініс атын сайлап баратынын және той-думанның дуылын қыздырып, ән айтып, айтыстың көрігін қыздырып жүретін  сері мінезін айтып отыратын.

Әулеттің қамын қамдау атама тапсырылған соң, мал бағуға өте ыңғайлы Жалағаштың өр жағындағы тұйықтарды қыстаққа ыңғайлапты да, Арқас тауының етегі «Аша» қонысын көктеу ретінде пайдаланыпты. Көктем мен күз мезгілінде мал негізінен Аша қонысының «Туматай» жотасында жайылады екен. Мал көктеуге кетісімен Жалағаштың батыс жағындағы «Құлжабай тұйығының» етегіндегі «Шолаққалтыр» жоталарына бейнәм жерге  егін егіпті. Арпа, сұлы егіп малға жем дайындалса, бидай мен тары ел-жұрттың азығын айырыпты. Үшбұлақ өзенінен су шығарған тәлімге беде егіп, малға қыстық азық дайындапты. «Әке көрген оқ жонар» дегендей әкесінен үйренген шаруаға икемділігі іске жарапты. Осылай, Төрехан атамның ширақтығы, шаруаға икемінің арқасында бергі беттен ауып барған біздің әулет тез оңшалыпты.

Ақалақшы* болған ағасы Нұрғалидың қамқорлығымен, халық арасында емші боп жүрген Шорка деген орыстың қасында жүріп емшілікті үйреніпті. Көбіне, жас балаларға білегінен ем салған екен. Әжемнің айтуынша, Қорғас, Кеген, Жалағаш, Шет бұлақ, Үш бұлақ, Құлысты, Қараой, Үлкенмазар, Кішімазар, Шиңпаңзе ауылдарында тұратын балалардың бәрін емдепті. «Осы аймақта 1931 жылдан бастап туған балалардың білегінде атаң салған емнің ізі бар» деп отыратын әжем. Емшілік кәсібінен түскен табыс балаларына нәпәқа болыпты.

*- Шәди Шәкенұлының «Қытай қазақтары» деген еңбегінде . "Іле, Тарбағатай аймақтарында мың үйге бір үкірдай (ақалақшы), бір ілгідай (мампаң), әр жүз үйге бір зәңгі, елу үйге елубасы, он үйге онбасы белгіленді» деп жазады.

«Жаратқанның жомарттығына шек жоқ» дейтін әжем: «балалардың ырызғы-несібесі болар ақалақшылар ақылдасып, «емшілік жасап, бармайтын түтінің жоқ» деп, күз кезінде халықтан алынатын астық салығын жинауды атаңа тапсырыпты» дейтін. Тазаланып, ұшырылған астықтан салық жинайтын адамды «ұшыршы» деп атайды екен. Сонымен, «емші» аталған атам «ұшыршы» деген де атаққа ие болыпты.  «Құдайдың берер малы жоқ, біреудікін біреуге аударып береді» дегендей, атамның табатын табысы молайыпты. Қазақы жол-жоралғы бойынша салықпен қоса әр түтін өз шамасына орай кеусен де беретін салт болған. Осылай, бір ұядан өрбіген жеті баланың ырызғысын Алла осылай толтырыпты.

Сонымен, «емші», «ұшыршы» атанған атам бір әулеттің тірлігін уысынан шығармай, қыстағын құтты қонысқа айналдырып, көктеуі мен күзегін жайлы жайылым жасап, ырысқа кенелткен бейнәмін береке көзіне балап, тіршіліктің қара қазанын қайнатқан екен. Әулеттің ауқатты болуы, әсілі, еңбекпен қатар білімге де тәуелді екенін түсініп, балаларды жастайынан оқуға бейімдепті. Дәулетхан атам бастауыш мектепті тәмамдап, иза /ауылдық кеңес/ қызметін атқарса, Әуелхан ата Кеген мектебін бітіріп, Құлжадағы гимназияға оқуға түскен екен. Ауыл адамдарына жұмыс бөліп беру, араағайын татулығын сақтау және тағы басқа да әлеуметтік істерге көп еңбек сіңіріпті. Мен пайымдаған Төрехан атамның қайраткерлік қыры қысқаша осындай. «Нақ айтып, шешен сөйле – болсын қысқа, айтқан сөзің үлгі болсын - елге нұсқа» деп өзі жырлағандай елге үлгі болудың өресін өрген өнегелі жан болыпты.

Салпық атасындай ақыл-парасаты, ел қамын жеген әкесі Жақыбай бидей қайраткерлігі, сөз жоқ, әке көргендігі. Алмағайып заманда тірлік тынысын тарылтпаған бабалары әспетті бір әулеттің қамын қамдаған Төрехан атам, шынымен де, қайраткер болыпты.  «Ұрпақ өседі, жер өспейді» деген қағидамен ұрпағына қамқорлық жасап, олардың бойына қазақы жол-жоралғылардың дәнін егіп, даланың даналығына баулып, жаңаша білім алуға үндеген екен.  Аумалы-төкпелі заманның жаңа сипаттағы азаматтары болуға әзiрлепті. Атамның адамгершілік құндылықтарды ұлықтауы және білімге үндеуі әулеттің әлеуетін сақтап қалудың тәлімді тәсілі дер едім.  Міне, көрегенділік!  Әттең, өмірі қысқа болыпты.

Саналы ғұмырын Жалағаш жерін көркейтуге жұмсаған Төрехан атам өзінің қыстауы «Басқы тұйықтың» батыс жағындағы Аша көктеуіне баратын жотадағы «Шилі төбе» мойнағына жерленіпті. Алланың қалауы болар, Жақыбай әулетінен Салпық бабамыз мекендеген байырғы қонысты күзету  бақиға аттанған Төрехан атама тапсырылғандай. Атамның жаназасында Нұрғали ақалақшы дүйім жұрттың көзінше: «Төрехан кетті - алдынан жарылқасын, артында алтындары қалды» деп балаларына сенім арта сөйлепті. Иә, Алла аузына салған болар. Шекара ашылғанда алғашқылардың сапында Төреханның балалары бергі бетке өтіп, Совет заманының тезінен өтіп, жоғары білім алып, замандастарымен үзеңгі қағыстырып, өмірдің бәйге жарысында алғы саптан көрінді.

Атамның бақилық өмірге озғанына 65 жыл толғанда /2010жыл/, әкем Әдепхан Төреханұлы Шилі төбе қорымына барып, басына гранит тастан құлпытас орнатты. Әкемнің бар ниеті атамның табанының ізі қалған топырақта есімін ұлықтау және ұрпақтары атасының қайда жатқанын білсін деген мақсат.  Қайтарда бейіттен арнайы шүберекке бір уыс топырақ түйіп алып қайтыпты.  Төрехан атамның туғанына 110 жыл толған жылы /2018 жыл/ әкем өзінің бастамасымен атасы Салпық бидің кесенесінің жанынан баласы Жақыбай биге, келіні Шаруан әжемізге, немерелері Ерғали мен Төрехан ақынға гранит тастан еңселі ескерткіштер қойды. Өйткені, Жақыбай атамыз бен баласы Ерғали шекарада атылып кеткен, Шаруан әжеміздің бейіті ескі кесененің жанында, Төрехан атамыздың бейіті  арғы бетте. Бұл шара замана талқысымен туған жерден топырақ бұйырмаған жандарды және бейіті жар басында қалған әжемізді кейінгі ұрпақ жадында сақтасын, тегін танып жүрсін, баба рухына мінәжет жасап ұлықтасын деген ниеттен туындаған игі іс еді. Арғы беттен алып келген бір уыс топырақ бабақоныс «Әулиеағаш» жеріндегі «Салпық саз» ойпаңындағы сап түзеген осы ескерткіштер бой көтерген жерге бұйырды.

Келбетін көрмесем де, әжем мен әкем айтқан әңгіме ауанымен атамның ұлық ұғымын ұлықтап, бейнесін сомдау барысында туындаған шабыттың әсерімен тақырып өзегінен ауып та кетіппін. Мақала басында айтылғандай Төрехан атам Суан еліне ақындығымен танымал болған өнерлі жан болғаны мәлім. Халық әртісі Дәнеш Рақышев өз естелігінде Төрехан атамызға тоқталғаны да бекер емес. «Қарға тамырлы қазақ» емеспіз бе, Дәнеш аға және біздің әулет Суан тайпасының ең ауқымды тармағы Мырзамкелді руынан тарайды. Сонымен бірге, қыстаулары да көршілес болыпты. «Құлжабайдың тұйығы» аталған қоныс Дәнеш атаның бабаларының мекені екен.  Төрехан атам орда бұзар отыз жасында ауылдың ұйытқысы ретінде Совет елінде орысша сауат ашқан інісі Мырзаханды ағасы Нұрғалидың кеңесімен мұғалімдікке бейімдепті. Мырзахан атамыз бастауыш мектепте  Дәнеш ағамызға дәріс берген екен.  Осылай туыстық пейіл, ұстаздық ұлағат және өнерге деген құштарлық бір арнаға тоғысып, біздің әулет пен Дәнеш ағаның арасындағы сыйластықты бекемдей түсіпті.

Төрехан атамның ел аузында сақталып қалған екі айтысы әкем Әдепхан Төреханұлының қағазға түсірген нұсқасында «Елім дархан, жерім бай» атты жинаққа енді. Екі айтыста да атам жеңген екен. Әсіресе, Жалайырдың айтулы ақыны Күләйді жеңгені аңызға айналған. Мырзахан атам: «Төрехан «төкпе ақын» болатын, «арқасы қозып, шабыты шарықтағанда аузына ілінген сөзді түйдек-түйдегімен ірікпей айтатын батылдығымен Күләй ақынның сынына берген жауабы дүйім елді толқытып жіберді» деп сыр тартқан. Ол өлең жолдары ауызекі айтылғанмен, жазба нұсқада берілмеді. Әкем ақын ретінде сөздің құдіретін түсінгенмен, «ұлы сөзде ұят жоқ» десе де, ой қуалап айтылған ащы сөздерді таспаға түсіруді сөкет санады.

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген сөз Төрехан атама қатысты айтылғандай. Адам бойына әншілік өнер тектік тамырмен даритыны белгілі, бос даңғазалыққа елікпей осы қасиетті қадірлеп,  қабілетті ұштап отыру әркімнің парасат-пайымына сын. Әрине, өнерпаз жан уытты сөзін әуезді әні­мен өрнектей алса қадірі тіпті асқақтай түседі. Байырғы қазақ қауымында осындай тума таланттар ­халыққа етене жақын болған. Атамның сезімтал, сыршыл мінезі өнерпаздық қырын шыңдап, серілікке еліктіріпті.  Әжемнің әңгімесінен түйгенім, өнерге деген құштарлығы, әсемдік пен сұлулыққа ынтызарлығы, үйлесімдікке ұмтылысы атамның сері мінезіне серпін бергендей. Әсілі, сері адамның өнерге деген қабілетінің қарымы да қуатты болатыны да табиғи заңдылық. Серіге тән еркіндік және елмен етене араласу өнердің өрісіне жол ашып, жан-жақты толысуына мүмкіндік береді.

Әжемнің ән айту сарыны, әкемнің ән орындаудағы ерекше мәнері және ағатайымның /Әуелхан Төреханұлы/ әңгімелерінен көңілге түйгенім, атам Арқас өңірінің халқына тән ән мәнерін, сарыны мен ырғағын екшей отырып, өзінің дара стилін сомдаған және оны балаларының бойына дарыта алған өнерлі жан болған деп пайымдаймын. Өйткені,  әжем айтатын өлеңдердің, әкем айтатын халық әндерінің орындалу сарыны оқшауланып тұрады. Осы әндердің ауаны халық әндерімен үндескенімен, ырғақ-сарыны Жаркент өңіріне тән өзгеше стилді айғақтап тұрады.

Кейде әжемді сағынғанда осы әндерді ыңылдап ішімнен орындайтын да әдетім бар. Осы әндердің ли­рикалық сарыны, әуен толқын­да­ры қазақтың кең даласы мен оның сұлу табиғатын бейнелегендей әсер қалдырады. Әжем жайлау төрінде той-думанда орындалатын әндерді тыңдап, үйге келгенде, күрсініп алып: «е, балам, атаң осы әндерді төгілтіп айтатын, әннің әуенін мың құлпыртып айтқанда дүйім елді баурап әкетуші еді» деп отыратын. Атамның айтыс ақыны болғаны жалпақ жұртқа жайылғанмен, ән орындау қабілеті көпшілікке беймәлім. Құйқылжыта ән салып, жағымды әуезді үнімен  жұрттың жанын жадыратады екен.

«Өнерлінің өрісі кең» дегендей атам қисса-дастандарды да мол білген екен, әдемі әнімен тамылжытып терме де орындайды екен. Сонымен, қазақтың өнер /өлең шығару, ән айту, жыр орындау/ мұрасын өзіндік айшықпен толықтырған өнерлі жандардың бірі - менің атам Төрехан ақын десем артық кетпеспін. Мырзахан атам інісін еске алғанда «заңғайыр, әрі зерделі ақын» еді деп отыратын. Өнердің, әсіресе, өлеңнің адамның ішкі болмысына әсер ететінін ескерсек, атамның өмірге арқау болған өлеңі – өз заманының айнасы ғана емес, сол кезеңнің қыспағына қарсы тұрған  ықпал-күштің миссиясын атқарғандай сезінем.

Мен тебіреніс үстінде жазған мақаладан соң «Бабасының атағы таудай, баласы қандай екен?» – деген сауалдың туындауы заңдылық. Төрехан атамның кіндігінен тараған төрт ұлы да өнерлі жандар.  Үлкен баласы Жақыбаев Әуелхан Төреханұлы қаламгер болды, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, отыз жылдан астам Талдықорған облыстық радиокомитетінде редактор, аға редактор қызметтерін атқарған. Қаракерей Қабанбай батыр туралы «Даңқты қолбасшы», Дәнеш Рақышев туралы «Әнмен өрнектелген өнер» және Қожбамбет би туралы «Жігітке бақ қонарда жолы болар» атты танымдық очерктерімен танымал.

Менің әкем Әдепхан Төреханұлы ұлағатты ұстаз, ақын, этнографиялық еңбектерімен танымал. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Алматы облысының құрметті азаматы». Әкесінің ақындық өнерін жалғастырып, биік межеге жеткізген жан, өзіндік ән орындау мәнерімен танымал өнері де бар. Бар саналы ғұмырын туған жер табиғаты мен елінің тірлігін өлеңмен өрнектеген әкем, өз әкесі жайында да оннан аса өлең жазыпты, мысалы, «Әке өсиеті», «Қара шал», «Әкеме», «Сағынамын әкемді» тағы басқа да жырлары. «Жылан шаққан жыл» деген көлемді өмірбаяндық дастаны әке өнегесін дәріптейтін тұғырлы туынды.

Жақыбаев Базархан Төреханұлы сауда саласының озық қызметкері. Көбіне, сазгерлігімен танымал, шығарған әндерінде Жаркент өңіріне тән сарын есіп тұрады.

Жақыбаев Ғани Төреханұлы жан-жақты өнерлі болған жан. Әттең, өмірден ерте озды. 1967 жылы Мәскеуде өткен жастар фестивалінің жеңімпазы болған. Домбырашы, әнші, күйші және суретші болған, әрі қол өнерін де меңгерген. Әбілхан Қастеевтен дәріс алған суретші болған.

Төрехан атам таныстыру шежіресінде:

Белгілі үшінші атам Мұратбегі,

Жетеді талаптанса мұратқа ері.

Қаракөк жеті атамнан үзілмеген,

Ел билеп, қол бастаған арға тегі, - деп, әулет сабақтастығындағы өнердің жалғастығын жырлаған екен. Әулеттің  ерекшелігі де осы. Әсілі, атам өнердің құндылығын әкенің қанымен, ананың сүтімен бойына дарытып, балаларына мирас қып тастап кеткендей сезіледі. Өнерлі болғаны Алланың берген сыйы болса, қысқа өмірі тәлейіне жазылғаны болар. Дегенмен, ғұмыры қысқа болса да, тілегі мен ниетінің адалдығы болар, өнерінің өрісі өміршең болды. Әсте, өміршең өнерінің өрісі тарылмай сабақтастығы жалғаса берсе,  бақи дүниеде атам шаттанып жүре берер.

Тау тұлғалы атамның рухының алдында екі жүзден еркін асатын барша ұрпақтарының атынан иіліп тағзым етемін. Тастан қойған ескерткіш уақыт атты сыншының алдында сыр беретінін ескеріп, атамның бейнесін ғасырдан ғасырға үздіксіз жететін құдіретті күш - сөз арқылы сомдадым.

 

Айбын Әдепханұлы, Төрехан Жақыбайұлының немересі

 

*  -  Салпық би, Жақыбай би туралы мәліметтерді бергенде  Әдепхан Төреханұлының деректеріне  сүйендім;

** - Жалағаш деген ауыл Жалаңағаш деп те аталады, Әдепхан Төреханұлының кітәбінде осы транскрипцияда берілген. Әжем Жалағаш деп айтып отыратын, сондықтан мақала жазу барысында қайта пысықтадым, сонда әкем  «Жалағаш» деген атауды құптады.

 Суретте: Төрехан Жақыбай би баласы; Ғани Төреханұлы ұстазы Әбілхан Қастеевпен.

Рекомендовать
Последние новости