Алматыда балалардың терезеден құлау жағдайларын болдырмау мақсатында кешенді алдын алу жұмыстары жүргізілуде,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін 1 425 терезе шектегіш сатып алынып, оның 465-і тегін орнатылды. Қауіпсіздік шаралары бойынша қала тұрғындарына кең көлемді ақпараттық науқан ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, 2,7 миллион адамға SMS-хабарлама жолданды. Сонымен қатар мектептер мен балабақшаларда қауіпсіз мінез-құлық ережелеріне арналған сабақтар мен ойындар өткізілді. Тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, 7 мыңнан астам жадынама таратылды.
Ақпараттық материалдар тұрғын үйлердің подъездерінде, LED-экрандарда, әлеуметтік желілерде, телеарналар мен радио арқылы жариялануда. Сондай-ақ қала аумағындағы лагерьлерде демалып жатқан 100-ден астам балаға «Қауіпсіздік мобильді мектебі» оқытуын өткізді.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің айтуынша, мұндай шаралардың басты мақсаты – әрбір баланың өмірі мен денсаулығын қорғау.