«Байқоңыр» жас ғалымдар мен инженерлердің еңбек алаңы ретінде қайта түлеп келеді – Айдын Айымбетов

Жарбол Кентұлы 21 авг. 2025 01:26

Халық Қаһарманы, ғарышкер әрі «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорнының басқарма төрағасы Айдын Айымбетов білім алған оқу ордасы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне арнайы келіп, студенттермен жүздесті. Кездесуде жастарға бағыт-бағдар беретін тағылымды сәттер көп болды. Өз кезегінде ғарышкер «Байқоңырдың» стратегиялық маңызы, онда жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары мен жаңа жұмыс орындары туралы кеңінен әңгімелеп, болашақ инженерлер мен зерттеушілерді нақты жобаларға қатысуға шақырды. Университет пен «Бәйтерек» кәсіпорны арасында меморандумға қол қойылып, студенттердің ғарыш айлағында тағылымдамадан өту мүмкіндігі ашылды. Осы сәтте пайдаланып, Dalanews.kz тілшісі ғарышкермен тілдесіп, аз-кем сұхбат құрды.

 

– Айдын аға, білім алған университетіңізге қайта оралғанда қандай сезімде болдыңыз?

– Мен үшін бұл жердің орны бөлек. Осы аудиторияларда отырып білім алғанмын, арман қуып жүріп қаншама жоспар құрғанмын. Бүгін сол орнымда студенттермен жүздесу – тағдырдың маған берген сыйы. Ең бастысы, жастардың көзінен үміт, талпыныс көрдім. Олар менің студент кезімдегідей армандап қана қоймай, сол арманға жетудің нақты жолдарын іздестіріп отыр. Бұл – елдің болашағы үшін қуанышты жайт.

– «Байқоңырдың» қазіргі жағдайына тоқталсаңыз. Бүгінде ғарыш айлағы жай ғана тарихи нысан болып қалған жоқ па?

– Жоқ, олай деуге болмайды. «Байқоңыр» – әлі де әлемдік деңгейде стратегиялық маңызы бар кешен. Ондаған ұшыру алаңы, құрастыру-сынау корпустары, зертханалар, басқару орталығы бар үлкен инфрақұрылым жұмыс істеп тұр.

Ең бастысы, біз қазір жаңғырту жұмыстарын бастап кеттік. Зымыран құлайтын аймақтарды экологиялық тұрғыдан қайта қалыпқа келтіру, жаңа ғимараттар салу, қауіпсіздікті күшейту – осының бәрі қоғам мен табиғатқа деген жауапкершіліктің көрінісі.

Бұл қадамдар арқылы біз тек ғарышқа зымыран ұшырып қана қоймай, елдің экологиялық қауіпсіздігін де сақтап отырмыз. Жаңғырту барысында 150-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл – инженерден бастап телеметрия маманына дейінгі көптеген саладағы кадрға сұраныстың артқанын білдіреді.

– Жетісу университеті студенттері үшін қандай мүмкіндіктер бар?

– Ең маңызды жаңалық – Жетісу университетімен қол қойылған меморандум. Бұл жай қағаз емес, нақты әрекетке бастайтын құжат. Университеттің студенттері енді «Байқоңырда» тағылымдамадан өте алады. Бұрындары ғарыш туралы тек кітаптан оқып, деректі фильмдерден көріп жүрген жастар енді өз қолымен зерттеу жүргізуге, ғылыми жобаларға қатысуға мүмкіндік алады. Бұл – үлкен тәжірибе мектебі. Жай экскурсия емес, нақты инженерлік ойлау мен практикалық машықты дамытатын алаң.

– Сіздің ғарышқа ұшқан сәтіңіз жастарға әрдайым қызық. Сол әсеріңізді тағы да бөліссеңіз.

– Ғарышқа ұшу – тек романтика емес, ол – үлкен жауапкершілік. Мен алғаш ұшқан сәтте өзімді ғана емес, тұтас Қазақстанды алып шыққанымды терең сезіндім. Ғарышқа қараған әрбір көзқарас – елдің технологиялық қуатының айнасы. Сол кезде түсінгенім ғарыш – қиял емес, ол нақты ғылым мен еңбек нәтижесі. Бүгінгі жастардың да осыны түсінгенін қалаймын.

– Қазақстанның ғарыш саласы қандай болашақ күтіп тұр?

– Бұл сала болашақта жаңа буын инженерлер мен зерттеушілердің арқасында ғана дамиды. Сондықтан университет қабырғасынан шыққан мамандарды ғарыш саласына тарту – біздің стратегиялық міндетіміз. Ғарыш енді тек зымыран ұшыру емес. Ол – деректерді өңдеу, жасанды интеллектіні қолдану, экологияны бақылау, жаңа материалдар сынау сияқты көпсалалы бағыттарды қамтиды. Осыған орай біз ІТ мамандарын, экологтарды, физиктерді тартып отырмыз.

– Жастарға қандай ой айтқыңыз келеді?

– Менің айтқым келетін дүние ғарыш – арман емес, нақты мақсат. Қазақстан үшін ол енді қиялдағы әңгіме емес, индустриялық бағытқа айналып келеді. Егер сіздер шынымен осы жолды таңдасаңыздар, елдің болашақтағы технологиялық бейнесі мүлде басқа деңгейге көтеріледі. «Байқоңыр» тарихи кешен ғана болып қалмайды, жас ғалымдар мен инженерлердің еңбек алаңы ретінде қайта түледі. Жастарға айтарым – өз армандарыңыздан қорықпаңыздар. Ол арман сіздерді ғарышқа дейін жеткізуі мүмкін.

– Әңгімеңізге рахмет!


Рекомендовать
Последние новости