Астанада ТЖ қызметкерлері жайлы баспанаға ие болды

Жарбол Кентұлы 28 июл. 2025 22:56

Төтенше жағдай қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттің қауіпсіздік жүйесінің ажырамас бөлігі десек артық айтқандық болмас еді. Өйткені өрт сөндіруші немесе құтқарушының еңбегі адамның өмірі мен тағдырын сақтап қалатын күрделі миссия. Мұндай мамандар әр минут сайын тәуекелдің үстінде жүреді, ал олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі кез келген саладағы қызметкердің міндетінен әлдеқайда ауыр. Сондықтан тұрғын үй мәселесін шешу тікелей ұлттық қауіпсіздіктің кепілі.

Астанадағы №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өткен шара осының айқын дәлелі болды. ҚР Төтенше жаңдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің қолынан жаңа пәтерлердің кілтін алған құтқарушылар үшін бұл күн олардың тағдырындағы маңызды кезеңдердің бірі екені сөзсіз.

Қоныс тойы – әр отбасының арманы. Ал қауіпті қызмет атқарып жүрген адамның отбасы жайлы баспанаға ие болса, ол қызметкердің өз міндетін атқарудағы сенімділігі де артады. Қарапайым тілмен айтқанда, үй мәселесі шешілген құтқарушы тәуекелге барған сәтте екіұдай ойдан арылады. Оның артында баспанаға ие отбасы барын білуі, психологиялық тұрғыдан да оның батылдығын арттырады.

Статистикаға жүгінсек, еліміз бойынша төтенше жағдай қызметінде 18 мыңнан астам адам еңбек етеді. Солардың айтарлықтай бөлігі қызметтік пәтерде немесе жалдамалы баспанада тұрады. Олардың жалақысы тұрмысты алып жүруге жеткенімен, баспана мәселесін өз күшімен шеше алмайды. Нарықтағы пәтер бағасының өсімі, ипотеканың ауыр шарттары бұл санаттағы азаматтарға қосымша жүктеме түсіретіні анық.

Сондықтан мемлекет тарапынан тұрғын үй бөлу – олардың өмір сапасын жақсартуға ғана емес, салаға кадр тартуға да тікелей әсер етеді. Қызметі қауіпті, жалақысы орташа деңгейде, ал әлеуметтік кепілдіктер аз болған жағдайда жастардың бұл салаға қызығушылығы төмендейтіні жасырын емес. Ал тұрғын үй беру – сол кепілдіктердің ең маңыздысы.

Қауіпсіздік саласындағы халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, дамыған елдерде құтқарушыларға тұрғын үй бөлу жүйесі арнайы бағдарламалар арқылы шешіледі. Мәселен, АҚШ-та өрт сөндірушілер мен полицейлерге әлеуметтік ипотека жеңілдіктері бар. Түркияда жер сілкінісіне қарсы күресетін құтқару бөлімдерінің қызметкерлеріне арнайы тұрғын үй кешендері салынады. Бұл – олардың қоғам алдындағы еңбегін мойындап қана қоймай, төтенше жағдай кезінде бар күшін жұмысына арнауына жағдай жасау. Қазақстанда қолға алынған соңғы шаралар да осы тәжірибемен үндесіп отыр.

– «Төтенше жағдайлар қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету – ертеңгі күнге деген сенімділік» деген сөзі жай ғана ресми мәлімдеме емес, саладағы нақты ахуалды дөп басқан тұжырым. Шындығында, баспана мәселесін шешу – құтқарушыға моральдық демеу. Ал моральдық демеу – қызметтегі батылдықтың алғышарты. Мәселен, өрт ортасына кіріп бара жатқан қызметкердің ойында артында қалған отбасы алаң болып тұрады. Егер оның отбасы баспана жағынан қысылмаса, құтқарушы бар күшін өз ісіне арнайды. Бұл – психологиялық тұрақтылықтың тікелей факторы, – дейді ҚР Төтенше жаңдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.

Сонымен қатар бұл салада тер төгіп жүрген азаматтарға жаңа қызметтік автокөліктердің берілуі де назардан тыс қалмауы тиіс. Құтқару қызметінің техникасы ескірген жағдайда, ол қанша жерден білікті маман болса да, апат ошағына уақытылы жете алмауы мүмкін. Сондықтан көліктердің жаңаруы – жеделдікті қамтамасыз етсе, тұрғын үйдің берілуі – адам факторын тұрақтандырады. Екеуі қатар келгенде ғана құтқару жүйесі толыққанды күшейеді.

Бұл бастама тек Астанадағы бөлімдермен шектелмей, өңірлерге де кеңінен таралуы керек. Өйткені ең көп төтенше жағдайлар Алматы, ШҚО, Қызылорда, Жамбыл сияқты өңірлерде тіркеледі. Дәл осы аймақтардағы құтқарушылар да баспанаға мұқтаж. Сондықтан ел астанасында басталған игі қадам республикалық деңгейде жүйелі саясатқа айналғаны дұрыс.

Тұрғын үй – адамның әлеуметтік тұрақтылығының негізгі көрсеткіші. Құтқарушылардың баспаналы болуы – олардың жұмысына адалдығын арттырып қана қоймай, халықтың мемлекетке деген сенімін де күшейтеді. Өйткені қарапайым тұрғындар төтенше жағдай кезінде өз өмірін сеніп тапсыратын адамдардың еңбегі әділ бағаланғанын көруі керек. Бұл – биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігінің көрінісі.

Құтқарушыларға баспана беру – әлеуметтік саясаттағы жай ғана тармақ емес, ұлттық қауіпсіздік жүйесінің басты буыны. Бұл қадам арқылы мемлекет адам өмірін қорғауды ең жоғарғы құндылық ретінде мойындап отыр. Ал осындай құндылыққа сүйенген елдің болашағы сенімді болмақ.

 

Айтарым бар:

Шыңғыс ӘРІНОВ, ҚР Төтенше жаңдайлар министрі

– Мен үшін құтқарушыларға тұрғын үй беру мәселесі ұлттық қауіпсіздігіміздің құрамдас бөлігі. Өйткені адам өмірін сақтап қалу жолында алдыңғы шепте жүрген қызметкерлердің жағдайы жасалмаса, олардың кәсіби дайындығы мен батылдығына толық сенім арту қиын. Жайлы баспанасы бар маман тәуекел сәтінде екіұдай болмайды, оның бар ойы – адамдарды аман алып шығу.

Сондықтан тұрғын үймен қамтамасыз ету – біз үшін ең алдымен психологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, ертеңгі күнге деген сенімді нығайту. Бұл қадам құтқарушының отбасына да, өзіне де мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтың нақты белгісі.

Әрине, тұрғын үй беру әлеуметтік мәселелерді ғана шешпейді. Ол салаға жаңа кадр тартуға да ықпал етеді. Жастар қауіпті әрі жауапты мамандықты таңдағанда, олардың алдында бір ғана сұрақ тұрады – менің еңбегім лайықты бағалана ма? Ал мемлекет тарапынан тұрғын үй ұсынылуы – сол сұраққа берілген айқын жауап. Бұл – мамандықтың беделін көтеретін, болашаққа бағыт беретін шешім.

Біз тек баспанамен ғана емес, құтқару қызметінің материалдық-техникалық базасын да үнемі жаңартып отырамыз. Жаңа техника, заманауи құрал-жабдықтар – құтқарушылардың қолын ұзартатын мүмкіндік болса, баспана – олардың жүрегіне тыныштық сыйлайтын кепіл. Екеуі бірге болған жағдайда ғана жүйе шын мәнінде тиімді жұмыс істейді. Меніңше, құтқарушыны қолдау – қоғамды қолдау. Себебі әр төтенше жағдайда біз олардың кәсіби батылдығына сүйенеміз. Ал олардың еңбегін бағалау – мемлекет пен халық алдындағы біздің ең басты борышымыз.

 


Рекомендовать
Последние новости