Астанада жаңа өрт бөлімі ашылды

Ақтоты Жапатова 20 авг. 2025 13:33

Астанада жаңа өрт бөлімі іске қосылды. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жазды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Жаңа бөлім елордадағы 36 мыңнан астам тұрғыны бар қарқынды дамып келе жатқан Үркер елді мекенінде орналасқан. Бұған дейін ең жақын өрт бөлімі 15 шақырым қашықтықта болған.

«Жаңа өрт бөлімі төтенше жағдай орындарына жылдам жетуге айтарлықтай мүмкіндік береді. ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арыновпен бірге депоның жабдықталуымен таныстық. Өрт бөлімі заманауи техникамен толық қамтылған: автоцистерналар, жедел әрекет ету көліктері бар. Қызметкерлер үшін жұмыс істеуге ыңғайлы жағдай жасалған», – деп жазды қала әкімі.

Әкімнің айтуынша, өткен жылы елордада екі өрт депосы ашылған. Соңғы екі жылда қалалық ТЖД автопаркі 40-тан астам жаңа техникамен толыққан, олардың қатарында заманауи ұшатын дрондар да бар. Қазіргі уақытта тағы үш өрт бөлімінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек, азаматтық қорғау қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары жалғасуда. Өткен жылы оларға 50 пәтер берілсе, биыл тағы 15 қызметтік пәтер табысталмақ.

Қала басшысы азаматтық қорғау жүйесін одан әрі күшейту жұмыстары жалғасатынын атап өтті.


Рекомендовать
Последние новости