Астанада алаяқтар жасөспірімдерді пайдаланып 340 млн теңге жинап алған

Көркем Алдабергенова 20 авг. 2025 14:40

Елордада кәмелетке толмағандарды пайдалану арқылы қоғамдық орындарда заңсыз ақша жинау деректері анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қалалық прокуратураның хабарлауынша, құқық қорғау органдары 2008–2010 жылдары туған сегіз жасөспірімді анықтаған. Олар үш қайырымдылық қорының «еріктісі» ретінде тартылған.

Аталған қорлар «қайырымдылық» деген желеумен жалпы сомасы шамамен 340 млн теңге қаражат жинаған.

Бұл дерек бойынша полиция ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу аясында қорлардың лауазымды тұлғаларының кәмелетке толмағандарды заңсыз қызметке тартуына құқықтық баға беріледі.

"Қайырымдылық қорларын және ата-аналарды балалардың еңбегіне, соның ішінде еріктілік пен өзге де қызмет түрлеріне мұқият қарауға, балаларды заңға қайшы әрекеттерге араластырмауға шақырамыз", - делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада «Biz birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шыққан болатын. Айыпталушылар мүгедек балаларға көмек көрсету, Таяу Шығыста зардап шеккендер мен Қазақстандағы су тасқыны құрбандарына қаражат жинау желеуімен алаяқтық жасады деп танылған.

Жиналған 2,08 млрд теңгенің тек 920 млн теңгесі ғана қайырымдылыққа жұмсалған. Қалған қаржы айыпталушылардың жеке қажеттіліктеріне пайдаланылған.


Рекомендовать
Последние новости