Министрлік WhatsApp пен Telegram-ға тыйым салынады деген ақпаратқа жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"БАҚ-та таралып жатқан WhatsApp, Telegram және басқа да шетелдік мессенджерлерді қолдануға тыйым салынады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Цифрлық даму министрлігі жеке мақсатта шетелдік сервистерді қолдануға еш тыйым салынбайтынын хабарлайды", - деп жазылған хабарламада.
Ведомство мәліметінше, Aitu мессенджерін енгізу бастамасы орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор ұйымдарына қызметтік коммуникация үшін ғана ұсынылады. Ол мемлекеттік қызметкерлер тек жұмыс барысында пайдаланатын ақпаратпен қауіпсіз алмасуды қамтамасыз ету мақсатында қолданылады.
"Aitu қызметтік хат алмасудың, жұмыс чаттарының, жедел хабарламалардың және мемлекеттік цифрлық платформалармен өзара әрекеттесудің негізгі құралына айналады. Оның басты артықшылығы барлық сервер Қазақстан аумағында орналасқан", - деп жазылған хабарламада.