Жезқазған қаласында облыстық білім басқармасының бірқатар қызметкеріне қатысты сот үкімі жарияланды. Олар бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айыпты деп танылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айыпталушылар қатарында басқарма басшысы, оның бұрынғы орынбасары және бас бухгалтер болды. Тергеу мәліметінше, басқарма жетекшісі 2022–2023 жылдары екі адамды формалды түрде жұмысқа қабылдап, оларға бюджет есебінен заңсыз жалақы төлеген.
Сонымен қатар 2022 жылы үшеуі алдын ала сөз байласу арқылы қаржыландыру жоспарына өзгеріс енгізіп, артық қаржыны сыйақы ретінде үлестірген. Бұл тізімде өздері де бар еді. Бас бухгалтердің де заңсыз әрекеттері әшкере болды: ол шын мәнінде болмаған іссапарлар үшін жол шығынын төлеп, тұрғын үй шығындарын да бюджет есебінен жапқан.
Сот дерегінше, 2023 жылы басқарма басшысы бұл заңсыз схеманы жалғастырып, игерілмеген қаражатты тағы да сыйақы төлеуге бағыттаған. Тіпті іс жүзінде жұмыс істемеген адамдардың атына да ақша аударылған. Сонымен бірге орынбасарына және техникалық қызметкерлерге негізсіз “сауықтыру жәрдемақылары” берілген.
Осылайша олардың заңсыз әрекеттері мемлекетке 93,2 млн теңге көлемінде залал келтірген.
Сот барысында басқарма басшысы кінәсін толық мойындамаса, бас бухгалтер тек іссапар және тұрғын үй шығындарына қатысты бөлігін ғана мойындаған. Соған қарамастан, екеуі де бюджет қаржысын аса ірі көлемде жымқырғаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Олар сот залында қамауға алынды.
Ал үшінші айыпталушы – басқарма басшысының бұрынғы орынбасары – сот үкімі шықпай тұрып қайтыс болған.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.