2024 жылғы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты Жолдауында қоғамда әділеттілікті орнату мен елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету басты басымдықтардың бірі екенін атап өткен болатын. Әсіресе, заң үстемдігін қамтамасыз ету, қайтарылған активтерді халық игілігіне жарату, білім саласын дамыту және инвестициялық тартымдылықты арттыру мәселелері ерекше айтылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері және саясаттанушы Қуаныш Сайлаудың пікірінше, бұл бастамалар «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының нақты жүзеге асуына жол ашуда.
«Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы тұрғысынан қарайтын болсақ – бұл ең алдымен әділеттілікті қалпына келтіру. Ең бірінші біз мына нәрсеге назар аударуымыз керек: мемлекетіміздің дамуына пайдалануға болатын белгілі бір ресурстар елден шығарылған. Қазір сол ресурстарды қайтару, қайта бөлу және оларды дұрыс мақсатта пайдалану бойынша жұмыс жүргізілуде. Ең басты бастамалардың бірі – қайтарылған активтердің мектептер салуға жұмсалуы. Бұл шешім ең алдымен қоғамымыздың әлеуметтік дамуына бағытталғанын көреміз», - дейді ол.
Қазақстанда заңсыз иемденілген активтерді елге қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қаржы мониторингі агенттігі мен Бас прокуратурасының дерегінше, 2022 жылдан бері 1,5 трлн теңгеден астам қаражат мемлекетке қайтарылған. Активтер қатарында ақша қаражаттары, жылжымайтын мүлік, жер телімдері мен бизнес нысандары бар.
Қайтарылған қаржы Қаржы министрлігі жанынан құрылған Арнаулы мемлекеттік қорға түсіп, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда. Бүгінде құны 318 млрд теңгеге жуық 406 жоба мақұлданып, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, спорт және сумен жабдықтау салаларына басымдық берілуде.
Өңірлерде де нақты нәтижелер көріне бастады. Мәселен, Ақтөбе облысында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған балабақша салынып жатыр. Абай облысында 24 нысанның құрылысы қолға алынған. Түркістан облысында 35 сумен жабдықтау жобасы іске асырылуда. Алматы облысында жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды. Жамбыл, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қостанай және басқа өңірлерде медициналық мекемелер, білім беру нысандары мен инфрақұрылым жобалары жүзеге асуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қаражаттың әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалуы тиіс екенін бірнеше рет атап өткен. Сарапшылардың пікірінше, қайтарылған активтердің халық игілігіне бағытталуы – әділетті Қазақстан тұжырымдамасын жүзеге асырудағы нақты қадам. Бұл бастамалар ел азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартып, өңірлік дамуға серпін бермек.