Абай облысының Үржар ауданында кәмелетке толмаған балаларға қатысты қайғылы жағдай тіркелді. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 2-7 жас аралығындағы үш бала көз жұмды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сондай-ақ, 6-9 жас аралығындағы тағы үш бала жарақат алып, қазір дәрігерлердің бақылауында қажет медициналық көмек алып жатыр.
"Зардап шеккендер - екі отбасының балалары. Қайтыс болған үш баланың екеуі Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылынан ата-әжелеріне қонаққа келген, біреуі - Үржар ауданының тұрғыны. Жарақат алған үш баланың екеуі Үржар ауданынан, біреуі Жарма ауданынан екені белгілі болды", - деп жазылған хабарламада.
Облыс әкімдігі мәліметінше, қаза тапқан балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін барлық қажет қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, психологиялық және материалдық көмек те беріледі.
"Оқиға орнында облыс әкімінің орынбасарының үйлестіруімен арнайы жұмыс тобы құрылған. Жағдай облыс басшылығының ерекше бақылауында", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Үржарда жүргізуші аулада отырған алты баланы қағып кеткені хабарланды.