Алматы прокуратурасы NEF Qazaqstan басшысы Тарык Волкан Оскайдың Черногорияда ұстағанын ресми түрде растады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Іздеуде жүрген Oskay Tarik Volkan Қазақстан Республикасының аумағында емес, өйткені ол 9 маусым күні Черногория Республикасының құзырлы органдары тарапынан ұсталды", - деді Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары Рақышев.
Қазіргі уақытта қазақстандық тарап Оскайды экстрадициялау туралы өтінішті Черногорияның құзырлы органдарына жолдағаны нақтыланды.
Айта кетейік, бұған дейін NEF Qazaqstan компаниясының құрылтайшысы әрі басшысы Тарык Волкан Оскайға іздеу жарияланған болатын. Ақпарат Құқықтық статистика органдарының порталында пайда болды. Бұл іс 18 сәуірде Алматыда тіркелген.
Жаңа дерек: оған неге іздеу жарияланды?
Алматы ПД мәліметінше, Бостандық аудандық полиция басқармасы алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
"Азамат О. қылмыстық іс бойынша сырттай күдікті ретінде танылды. Оған сот "қамауда ұстау" шарасын сырттай санкциялады. Қазір күдіктінің орналасқан жерін анықтауға және оны ұстауға бағытталған жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Кәсіпкердің Боранбаевқа не қатысы бар?
Түркияның тумасы Тарык Волкан Оскай Қайрат Боранбаевпен бірге заңсыз сатып алынған активтерді қайтару шеңберінде мемлекетке берілгенге дейін Comfort Hotel Astana қонақүй кешенін бақылаған "Роял Комфорт Астана" компаниясына иелік еткен.
Оған қоса құрылтайшысы Боранбаев саналатын "Алмалы" (Almaly Assets Management) активтерді басқару компаниясында жұмыс істеген.
Қайрат Боранбаев пен Тарык Волкан Оскай бірлесіп иеленген Comfort Hotel Astana қонақүй кешені былтыр жаңа иесін тапқан еді.