Төрт жыл бұрынғы екі оқиға елдегі ахуалдан хабар береді

Dalanews 28 июл. 2020 06:07 1331

Екеуі де төрт жыл бұрын болған оқиға екен. Таяуда әнші Кентал әлеуметтік желі арқылы осыдан төрт жыл бұрын әзіл үшін түсірілген видеосын құқық қорғау органдары енді көріп, тергеп-тексеріп жатқанын айтып, көпшіліктен араша сұрағандай болған. Ал оның алдында Әлеуметтік Медсақтандыру қоры экс-төрағасының жұбайы Гүлбаршын Заирова өзінің Инстаграм парақшасына төрт жыл бұрын жариялаған жазбасын журналист Гүлбану Әбенова тауып алып мақала жазғанда, Айбатыр Жұмағұлов мұны тырнақ астынан кір іздеу деп бағалаған еді.

 

Төрт  жылдан кейін сақшылардың ашу-ызасын тудырған видео

Иә, әркім әрбір оқиғаны өзінше тәпсірлейді. Құқық қорғау органдары осыдан төрт жыл бұрын Кенталдың полиция қызметкерінің формасында түсірілген видеосы тұтас тәртіп сақшыларының ар-намысына тигенін айтып, тергеудің астына алып, айыппұл төлетті.

Осы жайттан құқық қорғау органдары үшін кез келген іс уақыт ағымына ілесіп, ізім-ғайым жоғалып кетпейтінін байқадық.

Иә, кез келген адам жасаған қателігі, қылмысы үшін заң орындарына жауап беруі тиіс. Оның үстіне, қазіргі таңда халық арасында құқық қорғау органдарының беделі бетегеден биік, жусаннан аласа болып тұрған сәтте Кенталдың төрт жыл бұрын түсірілген видеосы әлеуметтік желіге жарқ етіп шығып, құқық қорғау органдары басшыларының ашу-ызасын туғызғанын түсінеміз.   


Осы ретте құқық қорғау органдары төрт жыл бұрын қайда қарап отырды деген сауал туындайды. Сонда олар әлеуметтік желі қарамай ма? Бұған тіпті сенгің келмейді. Осыдан төрт жыл бұрын да Қазақстан полициясының қалың бұқара алдындағы беделі кермет болып тұрмағаны анық. Әйтеуір Кенталдың видеосы құқық қорғау органдарының бір басшысының көзіне түсіп (кеш те болса) ашу-ызасын туғызғаны анық.

 

Тырнақ астынан кір іздеу ме, әлде...

Екінші оқиға да осыдан төрт жыл бұрын орын алғанын жұртшылық жақсы біледі. Әлеуметтік Медсақтандыру қоры экс-төрағасы Айбатыр Жұмағұловтың зайыбы төрт жыл бұрын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бизнес саласында табысты жұмыс істеген күйеуі 30 жасқа дейін 10 рет көлігін жаңартып берем деген уәдесінде тұрғанын көпшілікпен бөлісіп, жазық жерде сүрінді. Арада төрт жыл өткенде әлгі видео журналист Гүлбану Әбенованың назарына ілігіп, үлкен дауға тамызық болды.

Қазіргідей карантин кезінде өзі күнін әрең көріп жүрген халық мұны оқығаннан кейін қандай күйде болғанын әлеуметтік желідегі комментарийлерден анық аңғаруға болады.

Білдей ел бетіне қарап отырған Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төрағасының келіншегі мыңдаған оқырманы бар парақшасына мұндай дүниені қалай ғана бөлісті екен. Әрине, қуанышы қойнына сыймай жазғаны анық.


Дау ушыққан кезде Айбатыр Жұмағұловтың өзі түсініктеме беріп, зайыбына көлікті бизнесте жүрген кезінде алып бергенін, өзі секілді табыскер азамат үшін қалыпты дүние екенін айтты. Төрт жыл бұрынғы жазбаны жерден жеті қоян тапқандай жаңалық етіп жазған Гүлбану Әбенованың іс-әрекетін тырнақ астынан кір іздеу деп бағалағанын оқыдық.

Айбатыр мырзаның түсінігіне салсақ, төрт жыл бұрынғы келіншегінің жазбасын сөз қылуға болмайтынын аңғаруға болады. Бірақ халықтың әлеуметтік желідегі жазбалары мен комментарийлерін оқысаңыз, олардың  басқаша ойлайтынын байқайсыз.

 

Әділін кім айтады?

Кез келген жауапты қызметте отырған шенеуніктің жеке басындағы жағдайы мен оның қалтасындағы ақшасына қатысты халықтың әңгіме қылуға қақысы бар. Өйткені кез келген шенеуніктің іс-әрекеті халықтың өміріне әсер етеді. Халық оған қыруар қаржысын аманаттап тапсырды. Бұл Айекең айтқандай, тырнақ астынан кір іздеу емес.

Қазақстанда ғана емес, дамыған Батыс елдерінде де шенділер мен бизнесмендер әрбір басы артық тиыны үшін жауап береді. Мұны біздің шенділер жақсы білуі керек.

Осы екі оқиғадан еліміз үлкен дағдарыста екенін байқауға болады. Төрт жыл бұрынғы видео үшін әнші тергеп, тексеріліп, соңында айып төледі. Ал ел үміт артқан қордың бұрынғы төрағасы келіншегінің төрт жыл бұрынғы жазбасына сүйеніп, мәселе көтеруді тырнақ астынан кір іздеу деп бағалады.


Сонда әділдік қайда? Әділдік салтанат құрмаған соң, біз осындай дағдарысты жағдайға тап болғанымыз анық. Сіздер қалай ойлайсыздар?

Жарбол КЕНТҰЛЫ

Рекомендовать
Последние новости