Тоқаев Қазақстан мен Қытай тарихи рекордтық көрсеткішке жеткенін жариялады

Қаракөз Амантай 28 мар. 2024 10:20 2100

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Боао Азия форумының ХХІІІ сессиясында Қазақстан мен Қытайдың тауар айналымы бойынша тарихи рекордтық көрсеткішке жеткенін жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазіргі кезде Қазақстан Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналды.

"Қытайдың аймақтағы сауда-саттығы мен салған инвестициясының тең жартысы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 41 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл – тарихи рекордтық көрсеткіш", - деді Тоқаев.

Былтыр екі ел арасындағы жүк тасымалы 22 пайызға артып, шамамен 30 миллион тоннаға жетті. Осы орайда президент ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің "Бір белдеу, бір жол" ауқымды мегажобасын он жылдан астам уақыт бұрын Қазақстанға жасаған сапары кезінде таныстырғанын да еске алды. Аталған жоба Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі көпір қызметін атқарады, ал Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.

"Бұл маңызды артықшылықты біз толыққанды пайдалануға тиіспіз. Біздің өз инвестициямыз да "Бір белдеу, бір жол" бастамасымен стратегиялық тұрғыдан сабақтас әрі заманауи, мультимодальды, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және орнықты инфрақұрылым құруға бағытталған", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экономикалық көрсеткіштерін де таныстырды. Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 5,1 пайызды құрады. Бұл әлемдік экономиканың болжамды даму қарқынынан шамамен екі есе көп. 2029 жылға қарай оның көлемін екі есе ұлғайтуды жоспарланған.

"Қазақстандағы ашық есік саясаты, мол ресурстар және либералды нарықтық реформалар көптеген шетелдік, соның ішінде қытайлық компаниялардың да назарын аударды. Осы орайда біз азиялық серіктестерімізді экономикамызға инвестиция құюға, өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастыруға шақырамыз", – деді Тоқаев.

Айта кетері, Боао Азия форумы жыл сайын Қытайдың Хайнань провинциясында өтіп тұрады. Биылғы 23-ші басқосу "Азия және әлем: ортақ сын-қатерлер, ортақ жауапкершілік" тақырыбына арналап отыр. Ал Қазақстан президенті оған құрметті қонақ ретінде шақырылды.


Рекомендовать
Последние новости