Самат Әбіш? Назарбаевтың ықпалы әлі де күшті - журналист

Сағыныш Сардарова 26 мар. 2024 11:37 3451

Жуырда Назарбаевтың немере інісі әрі Кәрім Мәсімовтың орынбасары қызметін атқарған Самат Әбішке қатысты сот үкімі шықты. Ол небәрі 8 жылға шартты түрде сотталды. Бұл үкім қоғамда белсенділердің де, қарапайым азаматтардың да наразылығын туғызғаны белгілі.

Белгілі журналист, қоғам белсендісі Дина Елгезек те бұл шешімді "ұят тірлік" деп санайды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Шынын айтқанда, екі жақта текетірес бар шығар. Қоғамдағы үмітті солайымен жойып жіберді. Кәрім Мәсімов сотталады деді. Оның өзі сотталып жатыр ма?! Серікжан Мәмбетәлиннің жақында жазған посты бар. "Шын мәнінде зонада жатыр ма, басқа ма?" деп. Ішкі істер министрі "оны көрсетпейміз" дейді. Неге көрсетпейді? Қай жерде отыр? Көрсін. Біріншіден, ол сабақ болады", - деді белсенді Barys Media-ға берген сұхбатында.

Журналистің сөзінше, Самат Әбіштің оқиғасы Қазақстанда әлі де Назарбаев ықпалы күшті екенін көрсетіп отыр.

"Самат Әбішті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі болғаннан кейін, бірнеше жыл өтіп кеткеннен кейін, онда да Ысқақ деген азамат "Самат Әбіштің бұйрығын орындадым" деген мәлімдеме жасады деген соң қылмыстық іс қозғайды. Кәрім Мәсімовтің 4 бірдей орынбасарын 18 жылға дейін соттап жібереді.

Ал бұған Бишімбаев сияқты артықшылық (берілді - еск.), 8 жылға жай ғана шартты түрде (соттады - еск.). Бұл әлі де Назарбаевтың ықпалы күшті екенін білдіреді", - деді Дина Елгезек Barys Media-ға берген сұхбатында.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи 26 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіш жабық соттың шешімімен 8 жылға шартты түрде сотталғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, "ДАТ" инсайдерлік ақпарат көзіне сүйеніп, Әбіштің генерал атағы мен мемлекеттік марапаттары алынғанын, бірақ меншік-мүлкіне конфискация жасалмағанын айтты.

"Соған қарағанда, мүдделі біреулер "8 жыл" деген едәуір жазамен қоғамды алдарқатып, ал шындығында Самат Әбішті түрме жазасынан алып қалған. Қаңтар оқиғасына бірден-бір кінәлі күштік құрылымның жоғары дәрежелі лауазымгері осылайша тиісті жазадан құтылды. Әлбетте, бұл "комедияның" басты режиссері Нұрсұлтан Назарбаев екені тайға таңба басқандай аян жағдай", - деді сол кезде депутат та.

Артынша Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Самат Әбіштің үкіміне қатысты пікір білдірді. Сот Әбішке қатысты билікті асыра пайдаланғаны үшін үкім шығарған. "Құпия" белгісін ескере отырып, сот отырыстары жабық форматта өткен.

Сотта прокурор айыпты қолдап, соттан Әбішті белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. 

Сотталушы кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінген.

Кейін сот үкімімен Самат Әбіш ҚР ҚК 362-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот сотталушының балалары барын және оның шын жүректен өкінгенін жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды. 


Рекомендовать
Последние новости