Тіл – татулық тірегі

Dalanews 10 сент. 2021 10:02 903

2021 жылдың 8 қыркүйегінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан халқының тілдері мерекесі және Алаш қайраткері, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы мен Академик С. Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен “Тіл – татулық тірегі” атты әдеби-музыкалық кеш болып өтті.

Іс-шараны ашқан университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шыңғыс Нұрланұлы Нұрланов тілдер мерекесінің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ол өз сөзінде елімізде өмір сүріп жатқан әр ұлттың өкілдері өз мәдениеті мен әдебиетін дамытуына толық жағдай жасалғанын, ал ана тіліміз елдік пен тәуелсіздіктің, татулық пен бірліктің айғағы екенін сөз етті. Ал Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры Бекпенбетова Қазына Асанқызы студенттерді тілдер мерекесімен құттықтап, ұйымдастырушылар жұмысына табыс тіледі.

“Тіл- ұлттың айнасы” деген ұстанымды ұстанған студент-жастарымыз туған тілімізге деген құрметі мен сүйіспеншілігін қазақтың қара домбырасында күмбірлеген күй тартып, ән шырқап және ақын-жазушыларымыздың отты жырларын оқи отырып жеткізді. Сонымен қатар ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың қазақ тілінің дамуына қосқан үлесі мен шығармашылығы турасында баяндама жасалып, “Бірлік” Ассамблеясы ұйымының студенттері өздерінің жүрек жарды құттықтауларын ұйғыр, тәжік, орыс тілдерінде жеткізді. Іс-шара барысында сөз алған Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ильясова Нағима Әбзелбекқызы алдағы уақытта кафедра тарапынан осындай игі бастамалар көптеп ұйымдастырылатынын айта келе өнерлі студенттерге шығармашылық табыстар тіледі.

Кеш соңында «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Жақауов Мақсат Дөңесұлы бүгінгі басқосу жастарымыздың достығы мен татулығын арттыратыны сөзсіз екенін баяндай келе, мазмұны терең шараны ұйымдастырған Ассамблея кафедрасының меңгерушісі Шаһарман Гүлжиһан Пішенбайқызы мен Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Ильясова Нағима Әбзелбекқызына және өнерлі студент қауымға алғыс білдірді.

Шоқан Құттыбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ, Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы

Рекомендовать
Последние новости