«Қала іргесінде 51,8 млн тонна радиоактивті қалдық жатыр». Халықтың алаңдап отыр

Dalanews 10 сент. 2021 07:59 1420

«Қошқар Ата» қоймасындағы радиоактивті қалдықтарды қалпына келтіру жұмыстары неге тоқтап қалды? Бүгінгі Сенат отырысында депутат Сүйіндік Алдашев Экология министріне осындай сауал жолдады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сенатордың айтуынша, өткен ғасырдың 60-жылдарында негізі қаланған қоймада бүгінде 51,8 млн тонна радиоактивті қалдық бар. Мұндай зиянды қалдықтар облыс орталығы Ақтау қаласынан бар болғаны 3 шақырым жерде жатыр. Сондықтан да жергілікті халықтың алаңдаушылығын туғызып отыр.

Депутат бұған дейін қойма жерінің құнарлығын қалпына келтіру үшін ғылыми зерттеулер жүргізілгеніне назар аударды. 2017 жылы зерттеу нәтижелерінің негізінде құны 17,5 млрд теңге болатын жобалық-сметалық құжат дайындалды. Осы жобаны іске асыру үшін бюджетте қажетті қаражат қарастырылып, мердігер компания да анықталған және биыл тиісті жұмыстар басталған. Алайда, маусым айында қойманы рекультивациялау жұмыстары толығымен тоқтап қалған.

– Қолымызда бар мәліметтерге сүйенсек, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі кезінде мемлекеттік сараптамадан өтіп, бекітілген жобалық-сметалық құжаттарды қайта қарау туралы шешім қабылдаған.

Сондай-ақ осы мәселені зерттеп, зерделеу үшін «Ядролық физика» және «Радиациялық қауіпсіздік және экология» институттарына тапсырыс берген.

Осыған байланысты Министрлік бұған дейін қарастырылған қаржыны бөлуді кейінге қалдырған. Мұндай шешім, өз кезегінде, жобаның орындалу мерзімін тағы да ұзақ жылдарға кейінге қалдыру тәуекелін тудыратыны сөзсіз. Ал, ол кезде жұмыс бағасы бұдан да өсе түсетіні түсінікті, – деді Сүйіндік Алдашев.


Осыған орай сенатор Министрден жобаны іске асыруды тоқтату және бұған дейін мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттарды қайта қарау туралы шешім қандай негіздерге сүйеніп қабылданғанын сұрады.

Рекомендовать
Последние новости