"Теңгеге қысым бар". Алда доллардың қымбаттайтыны болжанады

Кәмшат Тілеухан 22 мая 2025 10:50

2024 жылы ағымдағы шоттың тапшылығы мұнай бағасының төмендеуіне байланысты, негізінен, шетелдік инвесторларға төленетін инвестициялық кірісті (4,8 миллиард долларға — 23,7 миллиард долларға дейін) төмендету арқылы -3,7 миллиард долларға (2023 жылы -9,4 миллиард доллардан) дейін қысқарған. Алайда шетелдік инвесторларға төленетін кірістің жалпы төмендеуіне қарамастан акционерлерге төленетін дивидендтер 14,6 миллиард долларға дейін өскен (+2,1 миллиард доллар). Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы (ҚҚҚ) Талдау орталығының 2024 жылдағы сыртқы секторға жасаған шолуында айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл ретте пайыздық төлемдер — 9,2 миллиард долларға дейін (+372 миллион доллар) артса, ал қайта инвестицияланған кірістер теріс мәнге ие (2023 жылғы +6,8 миллиард доллармен салыстырғанда -277 миллион доллар).

Айта кетсек, шетелдік инвесторлар шикізат секторындағы ірі жобаларға қатысып, дивидендтер, алынбаған пайда (қайта инвестициялау) және шетелдік инвесторлар берген қарыздар бойынша сыйақы түрінде кіріс алады. Ұлттық банктің резервтік активтері есебінен ағымдағы шоттың тапшылығын қаржыландыру айтарлықтай төмендеді: 2024 жылы - 892 млн доллар, 2023 жылы - 5,9 млрд доллар. Әрі ол, негізінен, қаржы шотындағы ақша ағынымен жабылып отырды (1,1 млрд доллар).

"Қателер мен олқылықтар" деген бөлімде көрсетілген сыртқа кеткен ақшалар мен түсімдер арасындағы айтарлықтай алшақтық (1,6 миллиард доллар немесе ағымдағы шот тапшылығының 44%) статистикалық сәйкессіздіктерді, сондай-ақ тіркелмеген валюта ағындарын да байқатады. Ағымдағы шоттың тапшылығын қаржыландыру үшін резервтік активтерді пайдалануды қысқарту және алтын бағасының айтарлықтай өсуі (+23%) жағдайында Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 2024 жылы 27%-ға немесе 46 миллиард долларға дейін (бір жыл бұрын 36 миллиард доллар) өсті. Алайда, Ұлттық қордың активтері доллар көлемінде біршама төмендеді (2%-ға, 60 млрд доллардан 58,8 млрд долларға дейін), өйткені ақша алулардың жоғары көлемі (10,2 млрд доллар) толықтырудың (4,5 млрд доллар) және инвестициялық кірістің (4,5 млрд доллар) жиынтық көлемінен асып түсті", - дейді қауымдастық сарапшылары.

Квазимемлекеттік сектордың (КМС) сыртқы қарызы мемлекеттік қаржыландыру көлемінің ұлғаюына қарамастан қалыпты өсімді (+6,7%, 01.01.24/01.10.24 аралығында) көрсетті (теңге түрінде +3,4%, оның ішінде Ұлттық қордан 238 млрд теңгеге КМС облигациялары сатып алынды).

"Бұл, бәлкім операциялық және инвестициялық қажеттіліктерді жабу үшін секторды сырттан қаржыландыру тәжірибесінің жалғасуын, сондай-ақ валюта бағамының ауытқуы салдарынан қарыздың валюталық бөлігін қайта бағалау жағдайын танытуы мүмкін. Бұл ретте ҚР Қаржы министрлігі жаңа сыртқы қарыздарды (2024 жылы 1,3 млрд доллар) тарта отырып, сыртқы мемлекеттік қарыздың жалпы көлемін аса ұлғайтпай, тек қайта қаржыландыру үшін валюталық тәуекелдерді барынша азайтады. Осыған қарамастан, төлем балансының және сыртқы борыштың ағымдағы динамикасы теңге бағамына түсетін қысымның сақталуын,сондай-ақ мұнай бағасының терең құлдырауы жағдайында қысқа және орта мерзімді перспективада фискалдық тұрақтылыққа қатысты артып келе жатқан тәуекелдерді байқатады", - дейді мамандар.

2024 жылы Қазақстанның төлем балансы айтарлықтай жақсарды: ағымдағы шоттың тапшылығы бір жыл бұрынғы -9,4 млрд доллардан -3,7 млрд долларға дейін қысқарды. Алайда, бұл экспорттық түсімдердің өсімі, қазақстандық экономиканың сыртқы кірістерінің ұлғаюы есебінен емес, негізінен мұнай бағасының төмендеуіне байланысты болды, бұл шетелдік инвесторларға төленетін инвестициялық кірістерді азайтты. Осыған байланысты осы реттегі төлемдердің құрылымы өзгерді: дивидендтер мен пайыздық төлемдердің үлесі артты, ал қайта инвестицияланған ақшадан түсетін кіріс көрсеткіші теріс мәнге ие болды, бұл шетелдік инвесторлардың инвестициялық стратегиясын түзетулер енгізуін талап етуі мүмкін.

Тапшылықты қаржыландыру ҚР Ұлттық Банкінің резервтеріне және қаржы шотына көбірек сүйенді. "Қателер мен олқылықтар" деген бөлікте көрсетілген  ашық көрсетілмеген ақша ағындары (+1,6 млрд.) ағымдағы шот тапшылығының қалған жартысын теңестірді. Резервтерді аз пайдалану және алтын бағасының өсімі  ҚРҰБ алтын-валюта резервтерінің айтарлықтай артуына сеп болды (+27%), ал Ұлттық қордың активтері көп мөлшерде ақша алуларға байланысты төмендеді (-2%).

"Осылайша, ҚР халықаралық резервтері (Ұлттық қордың және ҚРҰБ ЗВР активтері) 104,7 млрд долларға (+8,7 млрд) немесе ЖІӨ-нің 36,3%-на дейін жетті. Алайда, 2025 жылдың екінші тоқсанында басталған әлемдік мұнай бағасының күрт төмендеуі жағдайында сыртқы сектордың осалдығы мәселесі қайтадан бірінші орынға шығуда. Экспорттық кірістің төмендеуі Ұлттық қорды толықтыру мүмкіндіктерін шектейді (инвестициялық кірісті есептемегенде активтер 55,2 млрд долларға дейін төмендеуі мүмкін) және төлем балансына қысымды арттырады (резервтерді пайдалану қажеттілігі артады). Мұндай жағдайда 2025 жылдың екінші жартыжылдығында теңге бағамы мен фискалдық тұрақтылық бойынша тәуекелдер айтарлықтай артады. Қолайсыз конъюнктура сақталған жағдайда ағымдағы шоттың тапшылығы қайтадан тереңдей түсуі мүмкін, ал фискалдық қолдау қажеттілігі, әсіресе жоспарланған әлеуметтік және инфрақұрылымдық шығындар аясында тереңдей түспек. Осылайша, ағымдағы жылғы негізгі сын-қатерлер: ағымдағы шот пен мемлекеттік бюджет тапшылығын қаржыландырудың сыртқы және ішкі көздерін теңгерімдеу, тұрақсыз шикізат нарығы жағдайында макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігін арттыру болып табылады", - дейді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы.

Бұған дейін сайтымызда "Сарапшылар аң-таң: Мұнай өндірісі артқанына қарамастан "қара алтынның" экспорты 21%-ға қысқарған" деген мақала жарияланған болатын.


Рекомендовать
Последние новости