Теміржол саласындағы мәселелер: Бектенов көлік министріне бірқатар тапсырма берді

Қаракөз Амантай 26 нояб. 2024 17:00 438

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов теміржол вокзалдары мен станцияларының жағдайы сын көтермейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстанды толыққанды көлік-логистикалық хабқа айналдыру үшін нақты тапсырмалар қойды. Премьер-министрдің айтуынша, теміржол саласының даму әлеуеті зор және ол ішкі және транзиттік жүк тасымалын арттыруда маңызды рөл атқарады.

"Алға қойған мақсаттарға жету үшін біз теміржол инфрақұрылымын жаңғыртып, жаңа логистикалық орталықтар салып жатырмыз. Сонымен қатар вагон паркін жаңартуда тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар еліміздің көлік жүйесінің тиімділігін арттырып, өткізу қабілетін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2029 жылға қарай транзиттік тасымал көлемі 28 млн тоннадан 45 млн тоннаға дейін, ал транзит жиырма футтық баламадағы 2 млн контейнерге дейін өседі", - деді Бектенов.

Сондай-ақ, Премьер-министр инфрақұрылымдық мәселелерге де тоқталды. "Орталық Азия елдері халықаралық көлік бағыттарындағы орындары үшін бәсекелесіп жатыр. Біз де өз инфрақұрылымымызды жетілдіруіміз керек.

"Шығыс-Батыс" бағытындағы транзиттік тасымалдарды ұлғайту үшін кедергілерді алып тастау қажет", - деп атап өтті ол.

Бектенов өткен жылы 2,8 мың шақырымнан астам теміржол жөнделгенін айтты. Дегенмен, шекарадағы жүктердің тұрып қалуына қатысты бизнес тарапынан шағымдар әлі де түсуде.

"Сондықтан шекарадағы мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі жылдам көрсету үшін барлық рәсімдерді аяқтау керек", - деді ол.

Премьер-министр теміржол вокзалдары мен станцияларының шамамен 90%-ы жөндеуді қажет ететінін атап өтті. Осыған байланысты ол Көлік министрлігі мен "Қазақстан темір жолы" компаниясына негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін қаржыландыру көздерін анықтап, нақты механизмдер әзірлеуді тапсырды.

"2028 жылы жолаушылар вагондарының паркі 3 мың бірліктен асады, бұл ішкі сұранысты толық жабуға мүмкіндік береді. Бірақ жеке тасымалдаушылар вагондарды жаңартуда қиындықтарға тап болуда, сондықтан оларды қолдау шараларын әзірлеу қажет", - деді Бектенов.

Премьер-министр Ақтау портының инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын жеделдетуді, сондай-ақ контейнерлік хаб салып, Ақтау портының түбін тереңдетуді тапсырды.


Рекомендовать
Последние новости