Анталияға қонған ресейлік ұшақ өртке оранды

Қаракөз Амантай 25 нояб. 2024 09:24 941

Түркияның Анталия әуежайында ресейлік “Азимут” әуе компаниясына тиесілі Sukhoi Superjet жолаушылар ұшағы өртенді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ақпараттарға сүйенсек, ұшақ Сочиден шыққан, бортта 95 адам болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндірілді.

Түркияның авиациялық билігі мәлімдегендей, ұшақта 89 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған. Ресейдің авиациялық билігі барлық адамның эвакуацияланғанын және құрбандар жоқ екенін растады.

Mash пен Baza ақпараттық порталдары жолаушылар ұшағы қону кезінде ұшу-қону жолағына қатты соғылып, жанармай төгілгенін айтқан. “Азимут” әуе компаниясы ТАСС агенттігіне “қатты қону” фактісін растады, бұл жағдайды бүйірлік желдің екпінінен екенін түсіндірген.

Куәгерлердің айтуынша, алдымен ұшақтың қозғалтқышы өртеніп, кейін басқа бөліктеріне тараған. Оқиға орнында құтқару қызметтері жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар төтенше жағдайды тексеру бойынша тергеу басталды.

AirportHaber мәліметінше, Анталия әуежайы уақытша рейстерді қабылдауды тоқтатты. Ұшу-қону жолағы апатқа байланысты жабылған. Әуежайдың түнгі сағат 3-те (Мәскеу уақытымен) қайта ашылуы жоспарланған.


Рекомендовать
Последние новости